Қоғамда резонанс тудырған жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды.
Ақтау қаласындағы Tulpar School жекеменшік мектебінде болған оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Видеода мектеп директорының жұбайы тазалықшы әйелдің су толы шелегін теуіп, төгіп жібергені көрінеді. Қоғамда резонанс тудырған жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін агенттік тілшісі Маңғыстау облысының Білім басқармасына хабарласқан. Ведомствоның мәліметінше, комиссия құрамына білім бөлімінің жауапты қызметкерлері мен Ақтау қалалық Полиция басқармасының өкілдері енгізілген. Олар мектепке барып, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Басқарманың хабарлауынша, оқиға биыл 16 қазанда болған. Сол күні мектеп қызметкері техникалық қызметкерден директордың кабинетін тазалауды сұраған. Алайда еден жуушы тапсырманы орындаудан бас тартып, дөрекі сөздер айтып, кабинеттен шығып кеткен. Бұған ашуланған мектеп қызметкері оның су толы шелегін теуіп, ішіндегі суды төгіп жіберген.
Осы жағдайға байланысты мектеп директорынан да жазбаша түсініктеме алынған.
Тексеру барысында тазалықшы әйелмен еңбек шарты жасалмағаны белгілі болды. Екі тараптың арасындағы келісім тек ауызша жүргізілген.
Сондай-ақ видеодағы әйелдің мектеп директорының жұбайы екені расталды. Ол білім ордасында қосымша факультатив сабақтарын өткізген. Педагогикалық әдеп нормаларын бұзғаны үшін оған сөгіс жарияланып, еңбек шарты тоқтатылған. Нәтижесінде ол жұмысынан босатылды.
Ал мектеп директорына қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылдау мәселесін қарау үшін Ақтау қалалық Полиция басқармасына ресми хат жолданған. Қазір полиция тарапынан тиісті шаралар қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр.