05.11.2026, 15:40

Петропавлдағы колледжде инфекция тарады: медицина қызметкеріне айыппұл салынды

Фото: әлеуметтік желі

Теріде немесе бастың шашты бөлігінде күмәнді белгілер байқалса, дерматолог маманға қаралу ұсынылады.  

Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж жатақханасында 14 студенттен «теміреткі» ауруы анықталды. Осы жағдайдан кейін жатақхананың медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 43 250 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

ФБРК мәліметінше, студенттер арасында дене дерматофитиясы, яғни халық арасында теміреткі деп аталатын саңырауқұлақ инфекциясы таралған.

Эпидемиологиялық тексеру нәтижесінде аурудың алғашқы көзі ауданнан келген студенттердің бірі болуы мүмкін екені анықталған. Ол инфекция жұқтырған үй жануарымен байланыста болған. Кейін ауру жатақханада бірге тұратын басқа студенттерге тараған.

Зертханалық зерттеу барысында 14 студенттен инфекция белгілері табылды. Олардың барлығы жатақхананың бір қабатында орналасқан, бір-біріне жақын бөлмелерде тұрған.

Петропавл қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бөлімінің басшысы Анара Кургунбаеваның айтуынша, студенттер каникулдан кейін жатақханаға оралғанда медициналық тексеруден уақытылы өткізілмеген.

Осы олқылыққа байланысты жатақхананың медицина қызметкеріне 43 250 теңге айыппұл салынды. Бұған дейін колледж әкімшілігінің де жауапкершілікке тартылғаны хабарланған.

Аурудың таралуы анықталған соң жатақхана мен оқу ғимараттарында қорытынды дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Студенттер медициналық бақылауға алынып, инфекция жұқтырғандарға тиісті ем тағайындалды.

Мамандар теміреткінің алдын алу үшін жеке гигиена талаптарын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, өзгенің тарағын, киімін, аяқкиімін, бас киімі мен төсек-орнын пайдаланбау қажет. Сондай-ақ жануарлармен байланыстан кейін қолды мұқият жуған жөн.

Теріде немесе бастың шашты бөлігінде күмәнді белгілер байқалса, дерматолог маманға қаралу ұсынылады.