05.11.2026, 09:30

1,8 триллиондық табыс пен 26,7 триллион қарыз: Қазақстанның банк секторындағы жаңа құрылымдық бетбұрыс

Фото: aiqyn.kz

Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің соңғы ресми статистикалық деректері еліміздегі екінші деңгейлі банктер секторында терең құрылымдық теңгерімсіздіктердің сақталып отырғанын айқын аңғартады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктердің жиынтық таза пайдасы 1,812 триллион теңгені құрады. Әрі бұл қаржылық көрсеткіштер өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайызға баяулағанымен, қаржы институттарының негізгі кіріс көздері мен халықтың несиелік жүктемесі арасындағы қайшылық бұрынғыша ушығып тұр. Елдегі жеке тұлғалардың банктер алдындағы жалпы қарызы 26,67 триллион теңгелік рекордтық межеге жетті. Бұл сандар банк жүйесіндегі әлеуметтік-экономикалық дисбаланстың қаншалықты тереңдегенін айғақтайды.

Ресми талдауларға сүйенсек, банктер та тапқан орасан зор пайданың негізгі бөлігі өндірістік немесе инновациялық секторларды қаржыландырудан емес, халыққа берілетін қысқа мерзімді тұтынушылық несиелерден қалыптасып отыр. Жеке тұлғалардың 26,67 триллион теңгелік задолженносының 17,74 триллион теңгеден астамы (жалпы портфельдің 66 пайызы) тікелей тұтынушылық қарыздардың үлесіне тиесілі. Мұндай агрессивті тұтынушылық несиелендіру саясаты банктердің мобильді қосымшалары мен цифрлық платформалары арқылы өте оңай әрі лезде ұсынылады. Бір қарағанда заманауи ыңғайлылық болып көрінген бұл жүйе іс жүзінде азаматтардың нақты төлем қабілеті мен болашақ қаржылық мүмкіндігін терең бағалау тетіктерін әлсіретіп, халықты созылмалы қарыз тұзағына ұрындыруда.

Банктердің табыстылық саясатындағы тағы бір негізгі мәселе – бұл аманаттар (депозиттер) мен несиелік сыйақылар арасындағы маржаның жоғары болуы. Екінші деңгейлі банктер халық пен заңды тұлғалардан бос қаражатты орташа есеппен 13-14 пайыздық мөлшерлемемен жинақтап, оны тұтынушыларға жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесімен (ЖТСМ) ұсынады. Бұл орасан зор сыйақы алшақтығы банктерге ешқандай өндірістік немесе операциялық тәуекелсіз кепілдендірілген кіріс әкелгенімен, отандық өндірушілер мен кәсіпкерлер үшін айналым капиталын қымбаттатып, нақты сектордың дамуын тежейді.

Шағын және орта бизнесті қаржыландыру көрсеткіштері бойынша сәл өсім (41,7 пайыз) байқалғанымен, бизнес субъектілерінің банктердегі жалпы қарызы 19,77 триллион теңгені құрап, тұтынушылық сегменттен әлі де кейіндеп келеді. Өндірістік кәсіпорындар мен кәсіпкерлер несие алу үшін тым қатаң кепілзат талаптары мен бюрократиялық процедуралардан өтуге мәжбүр. Нәтижесінде қаржы ресурстары отандық өндіріс пен өңдеу өнеркәсібіне салынбай, негізінен шетелдік импорттық тауарларды сатып алуға кететін тұтынушылық несиелерге жұмсалады. Бұл жағдай елден капиталдың сыртқа ағуына жанама түрде ықпал етіп отыр.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 90 күннен асқан просрочкасы бар несиелер (NPL90+) жеке тұлғалар портфелінде 4,6 пайызды немесе 1,2 триллион теңгені құрайды. Бұл – 1,2 триллион теңгелік қайтарылуы күмәнді проблемалық қарыздың бар екенін және жүздеген мың отбасының ауыр қаржылық тығырықта тұрғанын білдіреді. Қарыз алушылар уақытша қаржылық қиындықтарға тап болған сәтте банктер икемді реструктуризация ұсынғаннан сөзге қарамай, айыппұлдар мен өсімпұлдарды тез арада еселеп қосып, сот орындаушылары мен өндіріп алушы мекемелерге істі өткізуге асығады. Шоттарды бұғаттау мен мүлікті өндіріп алу тәжірибесі әлеуметтік кернеуді арттыра түседі.

Сонымен қатар, қаржылық цифрландырудың жедел дамуы ақпараттық қауіпсіздік пен алаяқтық тәуекелдерін күшейтті. Алайда алаяқтар азаматтардың атына заңсыз онлайн-несиелер ресімдеп жатқан кезде банктердің антифрод жүйелері мен биометриялық сәйкестендіру тетіктері бұл күмәнді операцияларды уақтылы бұғаттай алмайды. Бұл ретте банктер жауапкершіліктен жалтарып, барлық кінәні «жеке деректерін берген» клиенттерге аудара салуы тұтынушылардың құқығын қорғау стандарттарына толық қарама-қайшы келеді.

Қорытындылай келе, 2026 жылдың 9 айындағы 1,8 триллиондық таза пайда мен халықтың 26,7 триллион теңгелік жалпы қарызы Қазақстанның банк секторында түбегейлі реформалардың қажеттігін айқын көрсетеді. Қаржы институттарының қызметі тек акционерлерге дивиденд төлеу мен жеңіл жолмен орасан пайда табумен шектелмей, ұлттық экономиканың орнықтылығын қамтамасыз етуге, реалды секторға қолдау көрсетуге және халықтың қаржылық қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға негізделуі тиіс.