Оқиға 3 қараша күні түске дейін болған. Куәгерлердің айтуынша, ғимарат ішінен алдымен айқай естіліп, артынша полиция шақырылған.
Ақтөбе қаласындағы Неке сарайында әйел адам пышақ жарақатынан қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға оның бұрынғы күйеуінің қатысы болуы мүмкін, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға 3 қараша күні түске дейін болған. Куәгерлердің айтуынша, ғимарат ішінен алдымен айқай естіліп, артынша полиция шақырылған. Көп ұзамай оқиға орнына бірнеше полиция көлігі келген. Кейін тәртіп сақшылары әйелдің мәйітін ғимараттан алып шыққан.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, әйел Неке сарайына қазіргі азаматтық некедегі жұбайымен бірге келген. Сол жерде оның бұрынғы күйеуімен жанжал туындаған деген болжам бар. Куәгерлердің сөзінше, ер адам әйелдің бірнеше баласы бар екенін айтып, дау шығарған.
Неке сарайының қызметкерлері оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. Олар қылмыстық іске байланысты ақпарат жариялай алмайтынын жеткізді.
Полиция аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабы негізінде қылмыстық іс қозғады.
«Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні ізін суытпай анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ қылмыстың себептері мен салдарын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция департаменті.