01.11.2026, 14:30

Германияда жастар наразылығы жаппай тәртіпсіздікке ұласты

Фото: Bild

Gen-Z regelt («Z ұрпағы шешеді») қозғалысы ұйымдастырған шерулер елдің 30-дан астам қаласында өтті.

Германияда 31 қазан күні кешке өткен жастардың жаппай наразылық акциялары бірқатар қалада тәртіпсіздікке ұласты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Gen-Z regelt («Z ұрпағы шешеді») қозғалысы ұйымдастырған шерулер елдің 30-дан астам қаласында өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, наразылық акцияларына 100 мыңнан астам адам қатысқан.

Франкфурт-на-Майне қаласында шеруге шыққандардың бір бөлігі дүкендердің әйнектерін сындырып, полиция қызметкерлерімен қақтығысқан. Тәртіпсіздік кезінде тұтандырғыш құралдар да қолданылған.

Берлинде өткен ең ірі шерулердің бірінде құқық бұзушылық жасағаны үшін 56 адам ұсталды. Ал Кельн қаласында бетперде таққан және пиротехникалық құралдар пайдаланған наразылық білдірушілерге қарсы полиция су атқыштарды қолданды.

Наразылыққа қатысушылар білім беру сапасын жақсартуды, өмір сүру құнының өсуіне қарсы шаралар қабылдауды, климатты қорғау саясатын күшейтуді талап етіп отыр.

Сонымен қатар олар психотерапиялық көмек пен тәуелділіктен емделу қызметтерінің қолжетімділігін арттыруды, міндетті әскери қызмет енгізуден және әлеуметтік шығындарды қысқартудан бас тартуды талап етуде.

Германиядағы шерулер соңғы апталарда Еуропаның басқа елдерінде де байқалған жастар наразылығының жалғасына айналды.

Атап айтқанда, Францияның бірнеше қаласында наразылық акциялары тәртіпсіздіктер мен полициямен қақтығыстарға ұласқан. Ал Италияда 30 қазанда өткен шерулерге ұйымдастырушылардың мәліметінше, бір миллионнан астам адам қатысқан.