30.10.2026, 17:20

«Дұрыс емдемеген»: Жаңаөзенде 1 ай комада жатқан 3 жасар бала көз жұмды

Фото: Pixabay

Анасы әлеуметтік желіде бірнеше видеоүндеу жариялаған.

Маңғыстау облысының тұрғыны Гүлімай Ізтілеуова Жаңаөзен қаласындағы ауруханада ұлына көрсетілген медициналық көмектің сапасына күмән келтіріп, жауапты мекемелерден істі жан-жақты тексеруді сұрады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бір ай бойы комада жатып, кейін көз жұмған баланың анасы әлеуметтік желіде бірнеше видеоүндеу жариялаған. Ол Денсаулық сақтау министрлігінен жағдайды бақылауға алып, аурухана қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді өтінді.

Әйелдің айтуынша, 5 қыркүйек күні таңғы сағат 09:00 шамасында өзін баласымен бірге жедел жәрдем Жаңаөзендегі ауруханаға жеткізген. Алайда анасы кезекші дәрігер баланы толық тексермей, дене қызуын өлшеумен ғана шектелгенін айтады. Оның сөзінше, баласын ауруханаға жатқызуды өзі талап етуге мәжбүр болған.

Сонымен қатар катетер қою кезінде қиындықтар туындап, тағайындалған дәрілердің не үшін беріліп жатқанын сұрағанда нақты жауап ала алмаған.

Гүлімайдың сөзінше, түске қарай баланың жағдайы күрт нашарлаған. Сағат 11:40 шамасында оның денесі құрысып, тырысу ұстамасы басталған. Дәрігер медбикелерге 2 текше реланиум енгізуді тапсырғаннан кейін бөлмеден шығып кеткен.

Анасының айтуынша, дәрі егілген соң баласы есін жимаған. Бірнеше сағат бойы күткенімен, баланың жағдайы туралы нақты ақпарат берілмеген.

Гүлімай бас миының компьютерлік томографиясы уақытында жүргізілмеді деп есептейді. Оның айтуынша, КТ зерттеуі тек кешкі сағат 19:40 шамасында жасалған.

Анасы баласын зерттеуге екінші қабаттан бірінші қабатқа өзі көтеріп апаруға мәжбүр болғанын айтады. Кейін КТ маманы баланы бұған дейін-ақ жансақтау бөліміне жатқызу қажеттігін айтқанын жеткізген. Алайда мұндай ескерту өзіне жасалмағанын мәлімдеді.

Зерттеуден кейін бала жансақтау бөліміне ауыстырылған. Дәрігерлер оның басында гематома бар екенін хабарлаған. Гүлімайдың айтуынша, ұлы жансақтау бөлімінде жатқан алғашқы екі күнде есін біліп, анасымен сөйлесіп, тамақ ішкен. Алайда үшінші күні комаға түсіп, содан кейін есін жимастан қайтыс болған.

Баласына қажетті медициналық көмекті алу үшін отбасы өздері әрекет етуге мәжбүр болғанын айтқан ана Астана мен Ташкенттен мамандар шақыртқанын жеткізді.

Оның сөзінше, шетелден және елордадан дәрігерлер туыстары Президентке видеоүндеу жасап, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат бергеннен кейін ғана Жаңаөзенге келген.

Гүлімайдың айтуынша, Ташкенттен келген маман баланың осындай жағдайда тым ұзақ уақыт болғанын айтқан. Сондай-ақ бас миының КТ нәтижелерін де мамандар тек осы дәрігер келгеннен кейін түсіндірген.

Анасы медициналық мекеме өкілдерінің қажетті мамандарды дер кезінде шақырғаны туралы мәлімдемелерімен келіспейтінін жеткізді.

Баласы комада 30 күн жатып, көз жұмғаннан кейін Гүлімай аурухана жұмысына қатысты бірқатар күмәні барын айтты. Атап айтқанда, медициналық құжаттардағы мәліметтер, дәрі-дәрмектердің тағайындалуы мен енгізілуі, сондай-ақ ауруханадағы бейнебақылау жазбалары тексерілуі керек деп санайды.

Оның айтуынша, ауруханадан берілген үзінді көшірмедегі кейбір деректер өзіне белгілі ақпаратпен сәйкес келмейді. Бұған қоса, отбасы қымбат дәрі-дәрмектердің бір бөлігін өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болған.

Сондай-ақ әйел мәйітке жүргізілген сараптаманың тәртібі мен нәтижелері туралы толық түсініктеме алмағанын мәлімдеді.

Гүлімай Ізтілеуова Денсаулық сақтау министрлігінен Жаңаөзендегі аурухана мен медицина қызметкерлерінің әрекеттеріне жан-жақты тексеру жүргізуді сұрайды. Оның басты мақсаты – ұлына көрсетілген медициналық көмектің қаншалықты дұрыс әрі уақытылы болғанын анықтау және заң бұзушылықтар расталған жағдайда кінәлілерді жауапқа тарту.