Бұл туралы облыстық аурухана өкілдері мәлімдеді.
Атырау қаласының «Авангард-2» ықшамауданында қазандықта болған жарылыстан зардап шеккен 53 жастағы ер адамның жағдайы ауыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы облыстық аурухана өкілдері мәлімдеді.
Оқиға бүгін таңертең үш қабатты ғимаратқа жапсарлас орналасқан қазандықта болған. Газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан жақын маңдағы көпқабатты тұрғын үйдің терезелері мен екі жеңіл көлік зақымданған еді.
Зардап шеккен ер адам сағат 11:00 шамасында Атырау облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімшесіне жеткізілген.
- Науқастың диагнозы – аралас жарақат, беті мен жоғарғы аяқ-қолдарының күйігі және ауыр ашық бас-ми жарақаты. Қазір ол нейрохирургия бөлімшесінде ем алып жатыр. Жағдайы ауыр, дегенмен тұрақты. Барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр, – деді Атырау облыстық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Еркін Ербөлеков.
Атырау қаласының әкімдігі оқиғаға орнына шаһар басшысының орынбасары оқиға орнына барып, жағдаймен толық танысқан.
- Ғимарат иесі келтірілген шығынды толық өтейді. Қазір зақымданған терезелердің өлшемдері алынып, оларды қалпына келтіру жұмысы екі мердігер мекеме тарапынан жүргізілетін болады, - деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тиісті тексерісті бастап кеткен.