Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Шығыс Қазақстанда заңсыз аңшылыққа қатысы бар деген күдікпен 10 адам ұсталды. Олардың тоғызы – шетел азаматы, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, күмән тудырған көліктер туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан кейін тексеріле бастаған.
Бейнежазбалардағы автокөліктердің мемлекеттік нөмірлері бойынша олардың Шығыс Қазақстан облысында тіркелуі мүмкін екені болжанған. «Охотзоопром» қызметкерлері қосымша мәлімет жинап, көліктердің Зайсан қаласында болуы ықтимал екенін анықтап, ақпаратты табиғатты қорғау полициясына берген.
Сол күні сағат 22:10 шамасында «Охотзоопром» инспекторлары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бейнежазбаға қатысы болуы мүмкін үш жол талғамайтын көлікті тоқтатқан.
«Тексеру жүргізу үшін 9 шетел азаматы мен 1 Қазақстан азаматы ұсталды. 28 қазанда аталған дерек белгіленген тәртіппен тіркелді. Қазір аталған азаматтардың заңсыз аңшылыққа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр», – деп хабарлады министрлік.