28.10.2026, 11:15

Инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді

Фото: Егемен Қазақстан

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Президент:   «Осы орайда әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар салуға және оны жаңғыртуға ерекше мән береміз. Бұған біздің күшіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді.   Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болды.   Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтеріледі. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз.   Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамуда. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Бұл – ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.   Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты.   Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет.   Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады.   Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді.   Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді.   Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет».