"Ақ Жайық" басылымы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлағандай, 18 қазанда шенеунік тұрып жатқан пәтерінен өлі күйде табылды.
Атырау облысында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің өңірлік департаментін басқарған Бауыржан Асаиновтің қаза табуына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бауыржан Асаиновтің қаза тапқаны туралы ақпарат Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланды.
"Өмірден өткен халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау және реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Асаинов Бауыржан Әділханұлының жарқын бейнесі мен азаматтық болмысы, оны таныған жандардың жадында мәңгі сақталады.
Бауыржан Әділханұлы 2023 жылдың 4 қаңтардан бастап департамент басшысының лауазымын атқарып, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға өз үлесін қосты. Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікті, адалдық пен табандылықты талап ететін сала. Бауыржан Әділханұлы осы жауапты қызметті атқара отырып, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға күш-жігерін жұмсады.
Оның өмір жолы мен атқарған қызметі, әріптестерімен бірге өткізген жылдары ұжым жадында сақталады. Адамның артында қалатын ең қымбат мұра – оның ізгі істері, еңбегі мен жақсы аты. Оның мезгілсіз дүниеден өтуі әріптестері мен жақындары үшін – орны толмас қайғы.
Бауыржан Әділханұлының жарқын бейнесі мен есімі оны білетін жандардың жүрегінде әрдайым сақталады. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын!", - делінген жазбада.
"Ақ Жайық" басылымы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлағандай, 18 қазанда шенеунік тұрып жатқан пәтерінен өлі күйде табылды. Денесі табылған сәтке дейін шамамен екі апта өткен деп болжанып отыр.
Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше:
"Факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жарияланбайды", - деп хабарлады өңірлік ПД өкілдері.