$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48

Қазақстанда мыс концентратын өңдеу тарифі жаңаша есептеледі: сарапшы пікір білдірді

Юрий Масанов бұл қадамды нарықтық тетіктерден бас тарту деп түсінуге болмайтынын атап өтті. Қазақстан әлемдік мыс өнеркәсібінің бір бөлігі болып қала береді. Концентрат өндірушілер мен оны өңдейтін кәсіпорындар халықаралық баға мен сұранысқа тәуелді.

Фото: kaz.inform.kz
Фото: kaz.inform.kz

Қазақстанда мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесі қабылданды. Сарапшы Юрий Масановтың пікірінше, бұл шешім әлемдік мыс нарығындағы белгісіздік жағдайында отандық металлургияны дамытуға және ұзақ мерзімді инвестиция тартуға негіз қалыптастырады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сарапшының айтуынша, қазір әлемдік нарықта мыс бағасы ғана емес, оны өңдеу ақысын белгілеу тетіктері де өзгеріп жатыр. Сондықтан Қазақстан үшін қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік беретін экономикалық жағдай жасау маңызды.

Әлемдік нарықта не өзгерді?

Юрий Масановтың жазуынша, биыл мыс концентратын өңдеу ақысының жылдық бағдарлы мөлшерлемесі алғаш рет нөлге дейін төмендеген. Ал жедел жеткізу нарығындағы, яғни споттық келісімдердегі мөлшерлемелер тіпті теріс мәнге түскен. Осыған байланысты нарық қатысушылары 2027 жылға арналған келісімшарттарда индекске негізделген және аралас баға белгілеу тетіктеріне көшуді талқылап жатыр.

Алайда өңдеу ақысының нөлге түсуі кәсіпорындардың өндірістік шығыны жойылды дегенді білдірмейді. Зауыттардың жұмысы, жабдықтарды күтіп ұстау және өндірісті жаңғырту қаржыны қажет етеді.

Сарапшы әлемдік нарыққа қатысты болжамдардың да біркелкі емес екенін атап өтті. Оның келтірген дерегінше, швейцариялық UBS инвестициялық банкі мыс тапшылығы мен бағаның одан әрі өсуін күтеді. Ал Мысты зерттеу жөніндегі халықаралық топ 2027 жылы тазартылған мыс ұсынысы сұраныстан асып түседі деп болжайды.

Өңдеуші кәсіпорындар да өзгерістерге бейімделуге мәжбүр. Масановтың жазуынша, 19 қазанда Оңтүстік Кореяның LS MnM компаниясы өңдеу шарттарының қолайсыздығына байланысты концентрат сатып алу мен өндіріс көлемін қайта қарауы мүмкін екенін хабарлаған.

«Мыс қымбат күйінде қалып отыр, әлемдік сала баға белгілеу қағидаттарын қайта қарауда, ал металлургиялық кәсіпорындар жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр. Қазақстан осындай кезеңде мыс өңдеу құнын есептеудің өз ережелерін бекітіп отыр», – дейді сарапшы.

Жаңа әдістеме не үшін қажет?

Масановтың пікірінше, Қазақстан өз металлургиясын халықаралық нарықтағы жағдай ірі өнеркәсіптік жобалардың іске асуынан жылдамырақ өзгеретін кезеңде дамытуы керек.

Елде жаңғыртуды қажет ететін зауыттар бар. Сонымен бірге жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу жоспарланған. Мұндай жобаларға салынатын инвестиция жүздеген миллиард теңгемен есептеледі, ал олардың өтелуіне ондаған жыл қажет болуы мүмкін.

«Сондықтан мемлекеттің өңдеу құнын айқындайтын өз тетігін қалыптастыруы қисынды деп ойлаймын. Ол әлемдік нарықтағы ағымдағы жағдайды ғана емес, отандық өнеркәсіптің ұзақ мерзімді қажеттіліктерін де ескеруі тиіс», – деп есептейді Юрий Масанов.

Оның түсіндіруінше, қабылданған әдістеме кәсіпорындардың жоспарлы шығындарын өтеуді, есептеулердің объективтілігі мен ашықтығын, бірыңғай қолданылуын және бастапқы деректердің дұрыстығын көздейді. Тарифті есептеу кезінде экономикалық тұрғыдан негізделген шығындар, нормативтік пайда және инвестициялық құрамдас бөлік ескеріледі.

Сарапшы мұндай тәсіл өндірістік қызмет пен күрделі салымдарды жоспарлауға түсінікті негіз қалыптастырады деп санайды.

Нарықтық тетіктер сақталады

Юрий Масанов бұл қадамды нарықтық тетіктерден бас тарту деп түсінуге болмайтынын атап өтті. Қазақстан әлемдік мыс өнеркәсібінің бір бөлігі болып қала береді. Концентрат өндірушілер мен оны өңдейтін кәсіпорындар халықаралық баға мен сұранысқа тәуелді.

Дегенмен, оның пікірінше, ұлттық өнеркәсіп саясаты қазіргі халықаралық мөлшерлемелерді қайталаумен шектелмеуі керек. Әсіресе әлемдік келісімшарттардағы баға белгілеу жүйесінің өзі өзгеріп жатқан кезде ұзақ мерзімді міндеттерді ескеру қажет.

Жаңа зауыттарға түсінікті экономикалық негіз керек

Сарапшы Қазақстанның шикізат қоры мол болғанымен, металлургиялық қуаттарды кеңейту ұзақ уақыт бойы өндіру саласының даму қарқынынан қалып келгенін айтады.

Оның мәліметінше, қазір әрқайсысы жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіретін екі жаңа мыс балқыту зауытын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту жалғасуда.

Масанов жаңа әдістемені осы жұмыстардың жалғасы ретінде бағалайды. Оның айтуынша, жаңа өндірістер салынатынын жариялау жеткіліксіз. Жобаларды жүзеге асыру үшін жеке инвестиция тартуға және салынған қаржының қайтарымын есептеуге мүмкіндік беретін түсінікті экономикалық негіз қажет.

«Қазақстан үшін қолданыстағы металлургиялық базаны сақтап қана қоймай, оны одан әрі кеңейтуге жағдай жасау маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, әдістеменің қабылдануы – уақтылы әрі дәйекті қадам. Әлемдік нарық әлі талай өзгереді, ал өз өнеркәсібімізді дамыту үшін шешімдерді бүгін қабылдау қажет», – деп түйіндеді сарапшы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0