Ол өзімен бірге ұялы телефонын алмаған.
Ұлытау облысының Ұлытау ауданында бір күн бұрын жоғалып кеткен 60 жастағы ер адам іздеу жұмыстарының нәтижесінде табылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 1966 жылы туған тұрғын 12 қыркүйек күні кешке Шеңбер ауылдық округіндегі Домбығұл қыстауында орналасқан үйінен шығып, қайта оралмаған. Ол өзімен бірге ұялы телефонын алмаған.
Ер адамды іздеуге ТЖД қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ауыл тұрғындары және «Ауыл құтқарушылары» еріктілері қатысты.
«Аумақты барлау барысында құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппаратын және спутниктік байланысты пайдаланды. Іздеу жұмысының нәтижесінде ер адам Домбығұл қыстауынан солтүстікке қарай 8 шақырым жерден табылды», – делінген ТЖМ хабарламасында.