Сатып алушылар ақшаны қолма-қол берген немесе алаяқтық схемаға қатысқан адамдардың жеке есепшоттарына аударған.
Астанада «Qyran» тұрғын үй кешеніне қатысты алаяқтық іс бойынша сот үкімі шықты. Іске қатысы бар «International Invest Company IIC» ЖШС-нің төрт қызметкері кінәлі деп танылып, 8 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жүргізген тергеу нәтижесінде компания қызметкерлері тұрғын үйді сату кезінде сатып алушыларды алдағаны анықталған.
Тергеу дерегіне сәйкес, күдіктілер ресми сатып алу-сату келісімдерінің орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын құжаттарды рәсімдеген. Атап айтқанда, клиенттермен брондау шарттары, кепілақы туралы келісімдер және алдын ала шарттар жасалған. Мұндай құжаттар сатып алушыларға жылжымайтын мүлікке меншік құқығын бермеген.
Сонымен қатар сату кеңсесінде клиенттерге тұрғын үй кешенінің макеттері, техникалық паспорттар, сенімхаттар және компанияның аталған нысандарға құқығы бар екенін көрсететін түрлі құжаттар ұсынылған.
Азаматтарға пәтерлерді, коммерциялық нысандарды және автотұрақ орындарын нарықтағы бағадан төмен сомамен сатып алу ұсынылып, мәміленің заңды екеніне сендірілген.
Сатып алушылар ақшаны қолма-қол берген немесе алаяқтық схемаға қатысқан адамдардың жеке есепшоттарына аударған. Алайда бұл қаражат компанияның бухгалтерлік және банктік есеп-қисабында көрсетілмеген.
Бұдан бөлек, сотталғандар құрылыс компаниясының қаражатын иемденуге бағытталған тағы бір схема ұйымдастырған. Олар компания атынан клиенттермен жылжымайтын мүлікті сату жөнінде жалған келісімдер жасап, кейбір нысандарға меншік құқығын тіркеген. Бірақ мәміледен түскен қаражат компанияның кассасына түспеген.
Сот 35 жәбірленушінің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын талаптарын қанағаттандырды. Сонымен қатар «International Invest Company» ЖШС пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім қабылданды.
Сот шешімі бойынша жәбірленушілерге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысаны берілді. Бұдан бөлек, адал ниетті сатып алушыларға тағы 73 нысан табысталды.