Ақтөбеде газ құю бекетіндегі жарылыстан әйелі мен 10 және 6 жастағы екі қызынан айырылған ер адам сотта сол күнгі оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тергеу материалдары бойынша, автогаз бекетінде тұрмыстық газ баллонын толтыруға тыйым салынғанына қарамастан, 30 литрлік баллонға газ құйылып, көрсеткіш 42 литрге дейін жеткен. Жәбірленушінің айтуынша, өрт тұтанған сәтте қолына алған өртсөндіргіштің түтігі болмаған, ал баллонның іші бос болып шыққан. Сотта бекет иесі қызметкерлердің арнайы даярлығын тексермей, қауіпсіздік бойынша тиісті нұсқама өткізбеді және тұрмыстық газ баллонын толтыруға жол берді деген айып тағылып отырғаны айтылды. Қайғылы оқиғадан 44 жастағы әйел мен оның екі қызы қаза тауып, көлік жүргізушісі ауыр күйік алған, ал марқұм әйелдің артында үш ұлы қалды. Қазір іс сотта қаралып жатыр, жәбірленуші тарап айыпталушыны кешіріп, медиативтік келісімге келген.