09.09.2026, 12:20

«Тоғыз қабатты үйге қолдануға болмайды»: Ұлдана Мырзуан ісінде маман маңызды дерек айтты

Фото: Инстаграм

Маманның сөзінше, құрылыс кезінде қолданылған D69 түйіні биіктігі бес қабатқа дейінгі ғимараттарға арналған. 

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында қорғаушы тарап шақырған маман Вероника Лобаевадан жауап алынды. Ол ғимараттың сыртқы кірпіш қаптамасы жобалық және нормативтік талаптарға толық сәйкес келмегенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Маманның сөзінше, құрылыс кезінде қолданылған D69 түйіні биіктігі бес қабатқа дейінгі ғимараттарға арналған. Ал Ұлдана Мырзуан жарақат алған үй тоғыз қабаттан және техникалық қабаттан тұрады.

«D69 түйінін бес қабатқа дейінгі ғимараттарға ғана қолдануға болады. Оны тоғыз қабатты үйге пайдалануға болмайды. Бұл үлгілік серияда қосымша жүк түсіретін және арматураланған белдеулер қарастырылмаған», – деді Лобаева сотта.

Оның айтуынша, ғимаратта көлденең жүк түсіретін белдеулер, деформациялық жіктер және кірпіш қаптаманы негізгі конструкцияға бекітетін анкерлер болмаған. Сонымен қатар қалау ерітіндісінің беріктігі төмен болған.

Маман зерттеу барысында ерітіндінің нақты маркасы М25 екені анықталғанын айтты. Оның пікірінше, бұл материал ғимараттың көтергіш конструкцияларына қолдануға жарамсыз және қажетті беріктік қорын қамтамасыз етпейді.

Лобаева сондай-ақ жобадағы жылу оқшаулағыш материалдың құрылыс кезінде өзгертілгенін атап өтті. Оның сөзінше, минералды мақтаның орнына пенополистирол қолданылған.

Маманның пікірінше, опырылу себептерін бағалау кезінде құрылыс сапасымен қатар, бастапқыда таңдалған конструкциялық шешімнің тоғыз қабатты ғимаратқа қаншалықты сәйкес келгеніне де назар аудару қажет.

Маманды сұрау сот отырысында жалғасып жатыр.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің фасадындағы кірпіш қаптамасы құлап, бес адам зардап шеккен. Олардың арасында жедел жәрдем құрамында оқиға орнына барған фельдшер Ұлдана Мырзуан да болған. Ол ауыр жарақат алып, 18 қарашада ауруханада көз жұмды.