$ 455.86  528.84  5.25

Жаңақорғанда жоғалып кеткен 20 жастағы жігіттің мәйіті құдықтан табылды

Мейіржан есімді жігіт үйінің ауласына төсек салып, түнеген.

Фото: Zakon.kz
Фото: Zakon.kz

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен 20 жастағы жігіттің денесі құдықтан табылды,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Осы оқиғаға байланысты «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, марқұмның 15 жастағы туған інісі күдікке ілінді, деп мәлімдеді Astana телеарнасы.

Мейіржан есімді жігіт үйінің ауласына төсек салып, түнеген. Алайда таңертең жақындары оның жоғалып кеткенін байқаған. Туыстары өздігінен іздеу жұмыстарын жүргізіп, бір тәуліктен кейін оның денесін үйден шамамен 400 метр жердегі су құбырының құдығынан тапқан.

Марқұмның туыстары оның денесінде көгерген іздер болғанын, мойнында жіпке ұқсас белгі байқалғанын айтқан. Кей мәлімет бойынша, мәйіт көрпеге оралған күйде табылған.

Құқық қорғау органдары қылмысқа күдікті ретінде марқұмның 15 жастағы туған інісін ұстаған. Жасөспірім сот санкциясымен қамауға алынған. Алайда марқұмның ата-анасы бұл нұсқамен келіспейді. Олар ұлының ағасына қастандық жасауы мүмкін екеніне сенбейтінін айтқан.

Отбасы бұған дейін үйден ақша ұрланғанын айтып, қылмысқа басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін деген болжам жасаған. Туыстары істің жан-жақты әрі объективті тергелуін талап етіп отыр.

Қазір тергеу амалдары жалғасуда. Оқиғаның нақты мән-жайы мен 20 жастағы жігіттің өліміне кімнің қатысы барын тергеу анықтайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0