26.08.2026, 11:20

СҚО-да құрылыс алаңында жүргізуші тоққа түсіп көз жұмды

Фото: Qazaqstan Media

Жүргізуші электр тогынан ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.

Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс алаңында жүргізуші электр тогына түсіп, қаза тапты. Оның бірге жұмыс істейтін әріптесі денесін күйік шалып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 25 тамыз күні күндіз Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Бескөл ауылында салынып жатқан жеке үйдің аумағында болған.

38 жастағы жүргізуші автокраны бар манипулятор көлігін басқарып отырған. Жұмыс барысында кранның жебесі жоғары кернеулі электр желісіне жақындап, сымға тиіп кеткен. Соның салдарынан қуатты электр разряды болған.

Жүргізуші электр тогынан ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.

Оның 31 жастағы әріптесі де зардап шекті. Ер адам электр доғасының әсеріне түсіп, денесін термиялық күйік шалған.

Зардап шеккен азаматтың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып, Қызылжар аудандық ауруханасына жатқызылды.