26.08.2026, 10:20

Парижге ұшқалы тұрған ұшақ әуежай қызметкерін қағып өлтірді

Фото: Видеодан скрин

Оқиға 24 тамыз кешке Монреальдағы Пьер Эллиот Трюдо атындағы халықаралық әуежайда болған.

Канададағы Монреаль әуежайында қайғылы оқиға болды. Парижге ұшуға дайындалып жатқан ұшақ жердегі қызметкерді қағып кетіп, салдарынан ол көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 24 тамыз кешке Монреальдағы Пьер Эллиот Трюдо атындағы халықаралық әуежайда болған. Ұшақ French Bee әуе компаниясына тиесілі.

Әуе кемесі кері қозғалыс кезінде жердегі қызметкерді қағып кеткен. Оқиғаның сәті әлеуметтік желіде тараған видеода да көрініс тапқан. Кадрлардан қызметкердің ұшақ дөңгелегінің маңында жатқанын байқауға болады.

Оқиғадан кейін әуежайға жедел жәрдем қызметі шақырылып, зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.

Қайғылы жағдайға байланысты тергеу басталды. Істі Канаданың жұмыспен қамту және әлеуметтік даму министрлігі (ESDC) қарайды.

Тегтер: әуежай ұшақ