"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 27-бабы 2-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгіт-насихат 2026 жылғы 22 тамызда сағат 00:00-де аяқталады.
Бүгін, 2026 жылғы 21 тамызда, Қазақстанның Бас прокуратурасы Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында азаматтарға маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов Конституциялық өкілеттіктеріне сәйкес прокуратура органдары Құрылтай депутаттарын сайлаудың барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жалғастырып жатқанын атап өтті.
"Жалпы сайлау процесі құқықтық алаңда өтіп жатыр. Қазіргі уақытта прокуратура органдары сайлау заңнамасының 8 рет бұзылғанын анықтады. Оның 3-еуі – сайлауға қатысты қоғамдық пікірге заңсыз сауалнама жүргізу, ал 5-еуі – үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт-насихат жүргізуге байланысты. Прокурорлар әкімшілік жауапкершілікке 7 жеке тұлға мен 1 заңды тұлғаны қысқартылған тәртіппен тартты. Олардың барлығы кінәсін мойындап, өкінетінін білдірді және заңсыз жарияланымдарын онлайн-платформалардан өшірді", – деді Ерлан Өтегенов.
Оның айтуынша, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 27-бабы 2-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгіт-насихат 2026 жылғы 22 тамызда сағат 00:00-де аяқталады.
"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 32-бабы 1-тармағына сәйкес сайлауға дейінгі күні және сайлау күні, яғни 2026 жылғы 22 және 23 тамызда кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады. Осыған байланысты сайлау комиссиялары мен дауыс беру орындарының ғимараттарынан тыс жерлерде бұрын орналастырылған үгіт материалдары сол орындарында қала беруі мүмкін. Сол сияқты интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдары да сол күйінде тұра алады", – деді Ерлан Өтегенов.
Сонымен қатар Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, бұрын орналастырылған үгіт материалдарын интернет-ресурстардың басты беттеріне қайта шығаруға болмайды ("Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 32-бабы).
Ерлан Өтегеновтің айтуынша, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіріп, оны таратуға да тыйым салынады.
"Осы құқықтық шектеулер сақталмаған жағдайда, тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізгені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жеке тұлғаларға – 15, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады", – деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек, Бас прокуратура "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағына сәйкес дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындыларының болжамдарын, сайлауға қатысты өзге де зерттеулерді, кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдауға бағытталған дауыс беру нәтижелерін жариялауға болмайтынын еске салды.
Ерлан Өтегеновтің айтуынша, сайлау күні дауыс беру орнында немесе пунктінде қоғамдық пікір сауалнамасын жүргізуге де тыйым салынады.
"Аталған талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Жеке тұлғаларға – 10, заңды тұлғаларға – 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады", – деп нақтылады ол.
Сонымен қатар Бас прокурордың орынбасары Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң талаптарын қатаң сақтаудың қажеттігін айтты. Оған сәйкес, жиналыстар, митингілер мен пикеттерді өткізу үшін хабарлама тәртібі, ал демонстрациялар мен шерулер үшін келісу тәртібі белгіленген.
"Белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілген бейбіт жиналыстарды ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабы бойынша, оның ішінде едәуір мерзімге қамауға алуға дейінгі жауапкершілік қарастырылған. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүрсе, онда қылмыстық жауапкершілік туындайды (ҚР Қылмыстық кодексінің 400-бабы)", – деп атап өтті Ерлан Өтегенов.
Сондай-ақ қазақстандықтарға бұқаралық ақпарат құралдарында жалған ақпарат пен құқыққа қайшы контент таратпауға ерекше назар аударылды. Мұндай әрекеттердің қауіптілік деңгейі мен келтірген зиянына қарай ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік немесе ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
"Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сайлау процесінің барлық қатысушыларын жоғарыда көрсетілген заң талаптарын сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырады", – деп қорытындылады Ерлан Өтегенов.