Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінің жағасында қоқысты арнайы орынға шығармай, шұңқырға жинап, көміп келген жағдай жұрттың наразылығын туғызды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жергілікті тұрғынның айтуынша, көл маңында шамамен 40-50 киіз үй бар, олардан шыққан тұрмыстық қалдықтар қазылған шұңқырларға тасталған. Тараған видеодан шұңқырлардың пластик бөтелке, пакет және өзге де қоқысқа толып қалғанын көруге болады. Полиция мәліметінше, осы жағдайға байланысты алты киіз үй иесі жауапқа тартылып, кейін олардың қатысуымен аумақ тазартылған. Алайда ондаған киіз үй орналасқан көл жағасында қоқыстың қалай жиналып, қайда шығарылатынын жергілікті әкімдік пен жауапты мекемелер неге бұған дейін бақылауға алмағаны түсініксіз. Зайсан жағасындағы жағдай жауапты органдар мәселені тұрғындар әлеуметтік желіде көтергеннен кейін ғана қолға ала ма деген орынды сұрақ туғызды.