«Сен менің Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатынымды жақсы білесің.
Қаңтар оқиғасынан кейін көпшілік назарынан тыс қалған Мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында қоғамда жиі талқыланатын діни көзқарасына қатысты алғаш рет ашық мәлімдеме жасадs, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Түсірілім алдында экс-депутаттың намаз оқу үлгісіне қарап журналист күмән келтіргенде, Бекболат Тілеухан бұған шүйлігіп, өз ұстанымын кесіп айтты. Ол өзінің бұрыннан Әбу Ханифа мәзһабын берік ұстанатынын, бөтен ағымдарға қатысы жоқ екенін және құлшылықты ел қатарлы орындайтынын жеткізді.
«Сен менің Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатынымды жақсы білесің. Мен намазды ешқашан арабтар сияқты оқыған емеспін. Қазір қаралым үшін мені құрбандыққа шалып отырсың. Мен уахабист емеспін. Мен Әбу Ханифа мәзһабын ұстанамын. Қолымды көтермеймін де, шалқайтпаймын да, ел қатарлы намаз оқимын», – деді Бекболат Тілеухан.
Журналист бұл үзіндіні қажет болса сұхбаттан алып тастауға болатынын айтқанымен, Тілеухан керісінше дәл осы пікірінің жарияланғанын қалады.
«Осы жерін міндетті түрде қалдырыңдар», – деді ол.
Сондай-ақ Бекболат Тілеухан хайп пен қаралым жинау үшін мұндай сұрақтарды әдейі қоюдың қажеті жоқтығын ескертіп, осы сөзін сұхбаттан қысқартпай, сол күйінде жариялауды талап етті.