06.08.2026, 14:40

Елімізде алғаш рет жолаушы мінген аэротакси көкке көтерілді

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Демонстрациялық ұшу барысында қатысушылар ұшқышсыз әуе жүйелерінің нақты жағдайда қолданылу мүмкіндіктерімен танысты.

Астанада EH216-S ұшқышсыз жолаушылар әуе көлігінің алғашқы демонстрациялық ұшуы сәтті өтті. Бұл – Қазақстан тарихында жолаушы мінген ұшқышсыз әуе аппаратының алғашқы демонстрациялық ұшуы, деп хабарлайды  Sn.kz ақпарат порталы.

Тік ұшып-қонып, электр қуатымен қозғалатын (eVTOL) сериялық әуе аппараты «Future Games 2026» халықаралық турнирі аясында елордадағы арнайы рұқсат етілген аумақта сынақ ұшуын орындады.

Демонстрациялық ұшу барысында қатысушылар ұшқышсыз әуе жүйелерінің нақты жағдайда қолданылу мүмкіндіктерімен танысты. EH216-S екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырымды, ал ұшу қашықтығы 35 шақырымға дейін жетеді.

«Алғашқы кезеңде Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері үстімен ұзақтығы 5–30 минут болатын демонстрациялық және туристік бағыттарды іске қосу жоспарланып отыр», – деп хабарлады министрлік.

Ведомствоның мәліметінше, болашақта мұндай ұшқышсыз жолаушылар әуе жүйелері қолданыстағы көлік түрлерін толықтырып, еліміздің заманауи көлік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады.

Жоба аясында ұшқышсыз әуе жүйелерін шұғыл медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, өрт сөндіру жұмыстарына, логистикаға және жедел әрекет етуді қажет ететін өзге де салаларда пайдалану көзделіп отыр.

Сонымен қатар Қазақстанда жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе жүйелерін кезең-кезеңімен жергілікті жерде өндіру жоспарланған. Бұл жоғары технологиялы машина жасау саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалалық әуе мобильдігін дамыту үшін қажетті құқықтық және инфрақұрылымдық негізді қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде», – делінген хабарламада.