Көбіне бүлдіршіндер маса-шіркейден қорғайтын торға сүйенемін деп, төмен құлап кетеді.
Елордада терезеден құлап кеткен балаларға қатысты қайғылы статистика азаймай тұр. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Астанада 39 бүлдіршін терезеден құлап кеткен, өкінішке қарай, олардың 10-ы қаза тапты, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Құтқарушылардың айтуынша, басты себеп — баланың қараусыз қалуы. Әсіресе 1-7 жас аралығындағы бүлдіршіндерге қауіп-қатер төнеді. Өткен жылдың өзінде Астанада 58 бала терезеден құлап, оның 14-і қаза тапқан еді.
Бақылаусыз бейқамдықтың соңында бармақ тістеп қалмау үшін төтенше жағдайлар қызметі түсіндіру жұмысын күшейтіп-ақ жатырмыз дейді. Бірақ статистика сонда да адамшошырлық.
Көбіне бүлдіршіндер маса-шіркейден қорғайтын торға сүйенемін деп, төмен құлап кетеді. Мамандардың айтуынша, бұл оқиғалардың алдын алу — әрбір ата-ананың тікелей міндеті.
"Балаларды қараусыз қалдыруға болмайды. Оған қатаң тыйым салынады. Біз оны ата-аналарға көп айтамыз. Балаларды қараусыз қалдыруға болмайды, терезелерге блок орнату керек және терезенің қасындағы жиҺаздарды алып тастау керек", - дейді Астана қаласы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Өміржан Тұкышев.
Дереккөз: "КТК" арнасы