30.07.2026, 16:20

Қостанайда әйелін бауыздап өлтірген ер адам небірі 11,5 жылға сотталды

Фото: zhasalash.kz

Екі ай бойы Батухан Тайыштықов марқұмның туыстарын жаңылыстырып келген. 

Қостанай облысында әйелін өлтіріп, мәйітін екі ай бойы жасырған ер адамға үкім шықты

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот Қостанай облысы Қарасу ауданының Жалғысқан ауылының тұрғыны Батухан Тайыштықовқа қатысты үкім шығарды. Ол жұбайы Татьяна Тайыштықованы қасақана өлтіргені үшін кінәлі деп танылды.

Сот материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 1 ақпанда болған. Сол күні Татьяна күйеуіне оның ішімдікке салынуы мен көрсеткен қорлығына бұдан былай төзбейтінін айтып, кететінін жеткізген. Осыдан кейін Батухан Тайыштықов әйеліне арт жағынан шабуыл жасап, тұншықтырмақ болған. Кейін оны сыртқа сүйреп шығарып, мойнына пышақ сұққан.

Қылмысты жасыру үшін сотталушы әйелінің мәйітін сырттағы әжетханаға апарып, үстін қар мен сабанмен көміп тастаған. Тергеу мәліметінше, кейін ол сол жерге қоқыс төгіп, әжетхананы бұрынғыдай пайдаланып жүрген.

Екі ай бойы Батухан Тайыштықов марқұмның туыстарын жаңылыстырып келген. Ол әйелінің қалаға кетіп, жұмысқа орналасқанын айтып сендірген. Тіпті осы өтірігін шынайы көрсету үшін Қостанайдағы жұбайы жұмысқа орналасуы тиіс болған мекемеге екі рет барған. Бұдан бөлек, іздеу жұмыстарын жалғастыруға қажет деген желеумен марқұмның ағасынан 300 мың теңге алған.

Алайда Татьянаның әкесі полицияға қызының жоғалғаны туралы арыз бергеннен кейін істің шындығы ашылды. Тергеу барысында Тайыштықов мәйітті жасырған орнын көрсеткен.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Бұл жағдай жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Судья Жанар Тілеубаеваның айтуынша, осы себепті сот заңда көзделген ең жоғары жаза – 15 жыл бас бостандығынан айыру мерзімін тағайындай алмаған.

Сондай-ақ сот сотталушының бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескеріп, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуді белгіледі.

Бұдан бөлек, сот жәбірленуші Юрий Редунның азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, Батухан Тайыштықовты 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы және 167 мың теңге материалдық шығын өтеуге міндеттеді. Азаматтық талаптың орындалуын қамтамасыз ету үшін сот оның тұрғын үйіне де тыйым салды.

Ал жәбірленуші тарап шығарылған үкіммен келіспейтінін мәлімдеп, жазаны тым жеңіл деп бағалады. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым түсіруге болады.