27.07.2026, 12:00

Алматыда жаппай төбелес: Бір адам пышақ жарақатын алды

Фото: видеодан скрин

Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жанжал салдарынан бір азаматтың пышақталғанын анықтаған.

Алматыда болған жанжалдан кейін бір жігіт пышақ жарақатын алып, оқиғаға қатысы бар деген күдікпен алты жас ұсталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 26 шілдеге қараған түні «102» қызметіне Ақсай шағынауданында қолдарында пышағы бар бір топ жас жүргені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жанжал салдарынан бір азаматтың пышақталғанын анықтаған.

Жедел іздестіру шаралары барысында «Буран-308» экипажының қызметкерлері қылмысқа қатысы болуы мүмкін алты күдіктіні қолға түсірді. Полицейлердің айтуынша, олардың кейбірінің киімінен қанға ұқсас дақтар анықталған. Сонымен қатар іс үшін маңызды болуы мүмкін заттай айғақтар тәркіленген.

Ұсталғандардың барлығы тергеу амалдарын жүргізу үшін Әуезов аудандық полиция басқармасына жеткізілді.

«Қазіргі уақытта полиция оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтап жатыр. Тергеу барысында жанжалдың шығу себебі, оған қатысушылардың әрқайсының рөлі және жәбірленушіге пышақ жарақатын салған адам анықталады», – деп хабарлады Алматы қаласының полиция департаменті.

Ведомствоның мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.