$ 470.28  537.53  5.99

«Қытай болмаса Димашты кім танитын еді…»: Психолог қазақ халқының психологиялық жай-күйі туралы (ВИДЕО)

"Қазақты ұят өлтіреді" деген сөз бекер айтылмаған.

«QASQA JOL» YouTube жобасының кезекті шығарылымына Орталық Азия психоанализ орталығының директоры, психолог Анна Құдиярова қонақ болып, қазақ қоғамының психологиялық жай-күйі, отбасылық құндылықтар мен қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ойын ортаға салды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Маманның айтуынша, елімізде психологиялық мәдениет енді ғана қалыптасып келеді. Оның пікірінше, қоғамда ұят пен кінә ұғымдары жиі шатастырылады, ал бұл адамдардың еркін дамуына кедергі келтіреді.

«Менің болжамым бойынша, біздің қоғам психологиялық тұрғыдан шекаралық деңгейде қалып қойғандай әсер қалдырады. "Қазақты ұят өлтіреді" деген сөз бекер айтылмаған. Ұят – кінә сезімімен бірдей ұғым емес. Қазір адамдардың мәдениеті өзгеріп жатыр. Ішкі құндылықтарды біртіндеп реттеп келеміз, енді сыртқы құндылықтарды да жаңарту қажет», – деді психолог.

Анна Құдиярова бүгінде ата-аналардың балаларын психологқа апаруға деген көзқарасы да өзгеріп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – болашақта психологиялық тұрғыдан сау қоғам қалыптастырудың маңызды алғышарты.

«Бірде қабылдауыма тоғыз жасар қыздың келгісі келгенін анасы айтты. Қыздың өзі психологқа барғысы келгенімен, анасының оған төлейтін мүмкіндігі болмаған. Мұндай балалар ертең есейгенде эмоциясын түсінетін, психологиялық тұрғыдан сау азаматтарға айналады деп сенемін», – деді ол.

Сұхбат барысында психолог отбасы институтына да тоқталып, ер азаматтардың да эмоциясы мен сезімі бар екенін ескермеуге болмайтынын айтты.

«Күйеу – банкомат емес. Ол да адам. Оның да жаны, қалауы, сезімі бар. Сондықтан отбасында өзара құрмет пен түсіністік бірінші орында тұруы керек», – деді маман.

Сондай-ақ ол діннің мәні тек құлшылықпен шектелмейтінін жеткізді.

«Діни адам деген – күні бойы құлшылық жасап отыратын адам емес. Отбасыңды сыйлау, балаларыңа дұрыс тәрбие беру, ғылыммен айналысу, адамгершілік құндылықтарды жоғары қою, зиянды әдеттерден аулақ болу – мұның бәрі де рухани кемелденудің бір бөлігі», – деді психолог.

Әңгіме барысында Анна Құдиярова қоғамдағы өзін-өзі тым асыра бағалау мәселесін де сөз етіп, мысал ретінде әнші Димаш Құдайбергеннің халықаралық танымалдығын тілге тиек етті.

«Кейде біз өзімізді тым жоғары бағалаймыз. Егер сондай мықты халық болсақ, Нобель сыйлығының лауреаттары қайда? Мысалы, Димаш Құдайбергенді алайық. Ол әлемге Қытайдағы жобалар арқылы кеңінен танылды. Қазақстанда оның талантын алғашында тиісті деңгейде бағалай қойған жоқ. Әрине, Димаштың жетістігіне шын жүректен қуанамын, бірақ оның әлемге танылуына Қытай үлкен ықпал етті», – деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0