$ 469.83  536.83  5.97

Қазақстан мұнайы тиелген екі танкерге дрон шабуыл жасады

Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі мәлімдеді.

Фото: КҚК
Фото: КҚК

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында Қазақстан мұнайын тиеу кезінде екі танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, оқиға 19 шілдеде «ASIA» және «NISSOS IOS» танкерлеріне мұнай тиеу операциялары кезінде болған. Екі кеме де Қазақстанда өндірілген мұнайды тасымалдауға дайындалып жатқан. Танкерлердің бортында халықаралық экипаж мүшелері болған.

– Шабуыл салдарынан танкерлерде өрт шықты. Алайда экипаждардың жедел іс-қимылының арқасында өрт қысқа мерзімде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. №1 және №3 қашықтан тиеу құрылғылары зақымданған жоқ. Теңіз акваториясына мұнайдың төгілуіне жол берілген жоқ, – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның салдарын бағалау аяқталғанға дейін терминалда мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Мұнай жөнелтуді қайта бастау туралы ақпарат кейінірек жарияланады.

– Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі азаматтық мақсаттағы аса маңызды энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жасалған мұндай шабуылдарды жол беруге болмайтын әрекет деп санайды. Халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына кез келген күш қолдану жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіріп, энергетикалық ресурстардың үздіксіз халықаралық сауда тетіктерін бұзады және жобаға қатысушылардың экономикалық мүдделеріне елеулі зиян келтіреді, – деп мәлімдеді министрлік.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#шабуыл #мұнай