Қылмыстық схеманы ұйымдастырушы тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды.
Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Air Astana АҚ-дан 1 млрд теңгеден астам қаржы жымқыру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қатысты резонансты іс бойынша шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Сот шешіміне сәйкес, қылмыстық схеманы ұйымдастырушы тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Істің тағы екі фигуранты сегіз жыл алты ай мерзімге сотталды.
Сонымен қатар барлық сотталғандардың мүлкі тәркіленіп, оларға бес жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда қызмет атқаруға тыйым салынды.
Сот жәбірленуші тараптың 1 млрд теңгеден астам соманы өндіру туралы азаматтық талабын да қанағаттандырды. Тәркіленген мүлік келтірілген залалды өтеуге бағытталады.
Апелляциялық саты қорғаушы тараптың уәждерін қарады, алайда бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз, ал апелляциялық шағымдарды қанағаттандырусыз қалдырды.