Әкесі жүрек ауруынан көз жұмса, анасы осыдан үш ай бұрын қатерлі ісіктен қайтыс болған.
Қара бетперде киген белгісіз қайырымды азамат ата-анасынан айырылған бес балалы отбасыға пәтер тарту етіп, ауыр сырқатқа шалдыққан кенже қыздың емдеу шығындарын толық өз мойнына алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
15 жастағы Дариғаның отбасы ауыр қайғыны бастан өткерген. Әкесі жүрек ауруынан көз жұмса, анасы осыдан үш ай бұрын қатерлі ісіктен қайтыс болған. Соның салдарынан бес бала ата-анасыз қалып, өз баспанасынсыз өмір сүріп келген.
Дариға ата-анасын қатты сағынатынын айтып, әсіресе кенже сіңлісінің анасының өмірден өткенін әлі де қабылдай алмай жүргенін жеткізді.
«Ата-анамызды қатты сағынамыз. Олардың орнын ешкім баса алмайды. Анамыз қайтыс болғаннан кейін кішкентай сіңліміз қайта-қайта “Анам қайда? Анамды көрсетіңдерші” деп сұрайды. Біз оған не деп жауап берерімізді білмейміз. Кейде адамдардың “Бұлар жетім қалды” деген сөздерін естігенде жүрегіміз ауырады», – дейді Дариға.
Отбасының жағдайын одан әрі қиындатқан тағы бір мәселе – 7 жастағы кенже қыздың денсаулығы. Дәрігерлер оған «апластикалық анемия» диагнозын қойған.
Балалардың тағдырына бейжай қарамаған бетперде киген азамат оларға жаңа пәтердің кілтін табыстап, кенже қыздың толық ем алуына қолдау көрсететінін айтты.
«Дариға, қарындасым, Алланың қалауымен бүгіннен бастап өмірлеріңізде жаңа кезең басталады. Бұйырса, сіңліңіз қажетті емнің бәрін алады. Ең бастысы – енді өз баспаналарыңыз бар», – деді ол.
Бұл игі іс әлеуметтік желіде кеңінен таралып, көпшілік белгісіз қайырымды жанға алғыс айтып, ата-анасынан айырылған балаларға қолдау мен жылы тілектерін жаудырып жатыр.