16.07.2026, 22:30

Ақтаулықтар Джеки Чаннан жаппай көмек сұраған

Фото: ЖИ

Олардың бірі тіпті арнайы видеоүндеу жариялап, Джеки Чанға тікелей жүгінген.

Ақтау тұрғындары қаладағы көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ауызсу мәселесіне әлемге әйгілі актер Джеки Чанның назарын аударуға тырысуда, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Sadaq.kz сайтының inbusiness.kz-ке сілтеме жасап хабарлауынша, тұрғындар актердің әлеуметтік желідегі жарияланымдарының астына жаппай пікір қалдырып, өңірдегі су мәселесіне назар аударуды өтінген.

Олардың бірі тіпті арнайы видеоүндеу жариялап, Джеки Чанға тікелей жүгінген.

«Құрметті Джеки Чан, Ақтауға қош келдіңіз! Бұл – Қазақстан. Бізде ауызсу жоқ. Билік бірнеше рет жергілікті халықты ауызсумен қамтамасыз етуді тоқтатты. Өтінемін, үйіме келіңіз», – дейді тұрғын.

Осылайша ақтаулықтар әлемге танымал актердің көмегімен өңірдегі өзекті мәселеге қоғам назарын аудартуға үміттеніп отыр. Әзірге Джеки Чан бұл үндеулерге қатысты пікір білдірген жоқ.

Ал Маңғыстау облыстық Су ресурстары және ирригация басқармасының мәліметінше, өңірде ауызсу тапшылығы жоқ. Ведомство мәселе ескірген су құбырларының өткізу қабілетіне байланысты екенін мәлімдеді.

Өз кезегінде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне арналған кеңейтілген жиында жауапты сала мамандарының жұмысын сынға алды. Аймақ басшысы жағдайды жан-жақты зерделеп, тұрғындарды үздіксіз сапалы ауызсумен қамту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.