12.07.2026, 13:30

Тараздық зейнеткерлер мен мүгедектер тегін дәрі үшін сағаттап кезекте тұруға мәжбүр

Фото: видео скриншот

Емделушілер биліктен бұл жүйесіздікті дереу реттеп, халықты қорлауды тоқтатуды талап етеді.

Жамбыл облысындағы әлеуметтік осал топтардың құқығы аяқасты болып, Тараз қаласындағы №6 емханада (Демьян Бедный көшесі, 35) үлкен дау туды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мүгедектігі бар жандар мен зейнеткерлер тегін рецепт бойынша тиісті дәрі-дәрмегін алу үшін таңсәріден бастап қараңғы дәлізде сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Сорлаған халықты небәрі жалғыз қызметкер ғана қабылдап жатқандықтан, емхана ішіндегі иін тірескен ұзын-сонар кезек мүлдем жылжитын емес. Тұрғындардың мұң-зарына құлақ аспай, қарапайым халықтың денсаулығы мен уақытын қор қылған өңір әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы бұл сорақылыққа әлі күнге дейін көз жұмып отыр.

Жағдайы төмен жандарды осылай сандалтып қойған Жамбыл облысы әкімдігінің бұл әрекетсіздігі жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырып, әлеуметтік желіде үлкен наразылық туғызды. Емделушілер биліктен бұл жүйесіздікті дереу реттеп, халықты қорлауды тоқтатуды талап етеді.