Жаңа форматтағы алғашқы ауқымды операция Астана мен Өскемен қалаларында бір уақытта басталып, заңсыз сауданың жолы кесілді.
Қазақстан қоғамының іштен тынған, бірақ жыл өткен сайын тамырын тереңге жайып бара жатқан қатерлі дерті бар. Ол - заңсыз спиртті өнімдер мен шығыны белгісіз, арзан суррогат. Бұл жай ғана заң бұзушылық емес, бұл - ұлттың болашағына, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасына жасалған тікелей қастандық. Контрафактінің қолжетімділігі жастарды ерте жастан масқұмарлықтың батпағына батырып, мыңдаған шаңырақтың берекесін қашыруда. Осы қауіптің бетін қайтаруды мақсат еткен «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі көпжылдық суррогат науқанын жаңа, стратегиялық деңгейге көтерді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін белсенділер тек ауыл мен қаладағы ұсақ дүкендердің сөрелерін бақылап келсе, ендігі бағыт мүлде бөлек. Қырандар енді бөлшек сауданың артында тұрған, улы тауарды тонналап жеткізетін ірі көтерме желілердің тамырын қиюға кірісті. Жаңа форматтағы алғашқы ауқымды операция Астана мен Өскемен қалаларында бір уақытта басталып, заңсыз сауданың жолы кесілді.
Бас қаладағы басты соққы Нұрғиса Тілендиев көшесі, 24 мекенжайында орналасқан «Ұлжан» базарына бағытталды. Дәл осы нүктеден тамыр тартқан заңсыз өнімнің ізі кесіліп, қозғалыс белсенділерінің ұйымшыл әрі жедел әрекетінің нәтижесінде көлемі 160 литр болатын, шығу тегі беймәлім, құрамында спирті бар қауіпті өнімнің ірі партиясы анықталды. Тәркіленген тауардың барлығы сараптама жасау және кінәлі тұлғаларды қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органына жедел түрде өткізілді.
Бұл жай ғана құрғақ есеп емес, жүздеген адамның өмірін улы заттан арашалап қалудың айғағы. Осы орайда, Астана қаласындағы рейдтің бел ортасында жүрген, ұлт саулығы үшін шырылдаған спикерлердің уәжіне құлақ түрсек.
Бейбарыс Серпінұлы, «Дала қырандары» ЖҚБ үйлестірушісі: «Ең бірінші біз дүкендерде болсын тексеру жүргіземіз. Қазақстан бойынша 200-ден астам дүкенді өзіміз ұстадық. Ал тәркіленген суррагат көлеміне келсек оның көлемі әрбір дүкенде күніне 20 литрден сатылады. Енді 200-ді 20 литрге көбейтсең 4 мың литр. Ол тек күніне, ал жылына ол миллион литрден асып өтеді».
Мейірболат Тоитов, «Дала Қырандары» ЖҚБ үйлестірушісі (Астана қ.): «Осы науқан аясында атқарған үш жылдық жұмысымыздың нәтижесінде бірлескен күш-жігердің арқасында айналымнан 1 500 мың литрден астам суррогат алкогольді тәркіледік - бұл мыңдаған адамның өмірін арашалап қалды деген сөз. Алайда, бұл мәселені біржола шешу үшін тек бөлшек саудамен ғана шектелу жеткіліксіз, ірі партиялардың таралуына тосқауыл қою керек. Біз үшін құрғақ көрсеткіштер емес, әрқашан ұлт саулығы мен адамдардың қауіпсіздігі бірінші орында тұрады».
Айта кетерлігі, контрафактілік алкогольмен күресуге бағытталған бұл республикалық акция ешқандай мемлекеттік тапсырыссыз, тек «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің өз бастамасымен және ұйым мүшелерінің ішкі жігерімен жүзеге асырылуда. Қырандар сауда нүктелеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізеді, заңсыздықтарды таспаға басып, тиісті мәліметтерді құзырлы органдарға жолдап отырады.
Бұл науқанның түпкі мақсаты - қазақстандықтарды, әсіресе болашағымыз - жастарды өмірге аса қауіпті улы өнімдерден сақтап, отбасыларды контрафактінің кесірінен болатын орны толмас қасіреттен арашалау. «Дала қырандарының» бұл соққысы алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Шаһарды улы заттан тазарту жолындағы күрес тоқтамайды!
Осы орайда, қоғам белсенділері тек құзырлы органдардың көмегіне сүйеніп қана қоймай, бұқаралық сипаттағы ағарту жұмыстарын да қатар жүргізуді қолға алып отыр. Заңсыз өнімнің саудалануына бейжай қарамайтын әрбір азамат бұл майданның белсенді қатысушысына айналуы тиіс. Әсіресе, ауылдық жерлер мен қала шетіндегі шағын сауда нүктелерінде бақылауды күшейту өте маңызды қадам болып саналады. Сапасы күмәнді арзан спиртті өнімдердің сатылуына тосқауыл қою арқылы біз мыңдаған жастың болашағын жарқын ете аламыз. Жастар арасындағы салауатты өмір салтын насихаттау мәселесі тек қағаз жүзінде қалмай, осындай нақты істермен дәлелденуі қажет.
Әрбір тәркіленген литр суррогаттың артында бір адамның амандығы мен бір шаңырақтың тыныштығы тұрғанын ұмытпағанымыз абзал. Осы уақытқа дейін атқарылған ауқымды жұмыстар алдағы үлкен жеңістердің тек бастамасы ғана екені сөзсіз. Қозғалыс мүшелері алдағы айларда еліміздің басқа да ірі мегаполистерінде осындай күтпеген тексерістерді ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Көлеңкелі бизнестің құрығына іліккен кәсіпкерлерге заң аясында ең қатаң шаралар қолданылатынын уақыттың өзі көрсетіп келеді. Ұлттың генофондын сақтау жолында ешқандай жеңілдік пен кешірімге жол берілмейтіні анық. Біздің мақсатымыз - контрафактілік өнімнен толықтай тазартылған, қауіпсіз әрі салауатты қоғам құру. Әрбір қазақстандық бұл үндеуге үн қосып, заңсыздықты көрген сәтте тиісті орындарға хабарлауды өзінің азаматтық парызы санауы керек. Күш - бірлікте екенін ескерсек, бұл дертті қоғам болып жұмылғанда ғана түпкілікті жеңе алатынымыз айдан анық. Саналы ұрпақ тәрбиелеу мен салауатты ұлт қалыптастыру жолындағы бұл күрес еліміздің әрбір аймағында жаңғыра береді.