07.07.2026, 11:30

937 миллиардтың жұмбағы: QazaqGaz басшысы Шәрібаевтың миллиардтары туралы сұраққа неге бұлдыр жауап берді?

Фото: Үкімет

Алайда, миллиардтаған халық қазынасына жауапты басшының уәжі брифинг залындағыларды таңғалдырды.

Үкімет отырысынан кейін өткен дәстүрлі брифингте «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов журналистердің өткір сұрақтарына нақты жауап бере алмай, мүдірді. Саланың өткендегі былықтары мен экс-басшы Қайрат Шәрібаевтың көлеңкелі схемалары туралы қойылған сауал бас шаһардағы тілшілер қауымы мен ұлттық компания жетекшісі арасындағы қызу текетіреске ұласты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Үкімет үйінің баспасөз орталығында өткен жиында журналистер 2022 жылы газ саласында әшкереленген 937 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылықтары мен оффшорлық тізбектерді алға тартты. Әсіресе, бұрынғы басшылықтың туыстарына қатысы бар фирмалардың ұлттық компания активтерін иеліктен шығару әрекеттері мен сол күмәнді мердігерлердің әлі күнге дейін «QazaqGaz» жүйесінде тайраңдап жұмыс істеп жүргені туралы ақпаратты растауды талап етті.

Алайда, миллиардтаған халық қазынасына жауапты басшының уәжі брифинг залындағыларды таңғалдырды. Әлібек Жамауов: «2022 жылы дәл не болғанын мен егжей-тегжейлі біле бермеймін... «Қазақғаз» атынан бұған қатысты әзірге ештеңе айта алмаймын», – деп жауапкершілікті құқық қорғау органдарына ысыра салды. Ал Шәрібаевпен байланысты мердігерлердің бүгінгі жұмысы туралы сұраққа тек «Бүгінгі таңда жоқ, ондайлар жоқ» деп қысқа қайырды.