$ 474.47  541.37  6.08

«Күрделенген қоғам ескі заңдармен өмір сүре алмайды» — Саясаттанушы Индира Рыстина (ВИДЕО)

"Бұл – еліміздің даму стратегиясын айқындайтын, мемлекеттің іргетасына айналатын негізгі құжат".

Еуразия ұлттық университетінің проректоры, саясаттанушы Индира Рыстина Qaqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында жаңа Конституцияның құқықтық нормалары мен негізгі өзгерістері туралы айтып берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның сөзінше, қоғамда 1 шілде мен 15 наурыз күндерін шатастырып жүргендер көп.

«Көпшілік 1 шілде мен 15 наурызды шатастырып жатады. 15 наурыз – Конституция күні. Бұл туралы Президенттің өзі де айтты. Ол кең көлемде мереке ретінде аталып өтеді. Өздеріңізге белгілі, бізде жыл сайын Наурызнама тойланады. Конституция күні де сол мерекелік кезеңмен тұспа-тұс келеді. Ал 1 шілде – жаңа Конституцияның заңды күшіне енген күні. Бұл – тарихта қалатын маңызды дата», – деді саясаттанушы.

Сондай-ақ ол жаңа Конституцияда көзделген мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерге тоқталды. Айтуынша, Құрылтай заң шығарушы орган емес, консультативтік кеңес ретінде жұмыс істейді.

«Құрылтай заң шығарушы орган болса, Халық кеңесі консультативтік орган болып саналады. Ал вице-президент институты Президент қандай да бір себеппен өз өкілеттігін жүзеге асыра алмаған жағдайда оның міндетін уақытша атқаратын тетік ретінде қарастырылған», – деді Индира Рыстина.

Саясаттанушының айтуынша, жаңа Конституцияның бұрынғы редакциядан басты ерекшеліктерінің бірі – цифрлық құқықтардың енгізілуі.

«Мұндай нормаларды енгізген мемлекеттер өте аз. Қазақстанның цифрлық даму тәжірибесі әлемдегі озық елдердің қатарында», – деді ол.

Бұдан бөлек, жаңа Конституцияда мемлекеттік басқару философиясының өзгергеніне назар аударды.

«Бұрынғы Конституцияда мемлекет бірінші орында тұрса, қазір адам бірінші орынға шыққан. Сонымен қатар адами капитал, ғылым мен білім, инновация, бала тәрбиесі, неке институты секілді ұғымдар Конституцияда көрініс тапты», – деді ол.

Индира Рыстина Конституцияны елдің ұзақмерзімді даму бағытын айқындайтын басты құжат ретінде бағалады.

«Конституция – белгілі бір кезеңде жазылатын құжат қана емес. Бұл – еліміздің даму стратегиясын айқындайтын, мемлекеттің іргетасына айналатын негізгі құжат. Конституция – қоғамдық келісім. Яғни біз қандай қоғам құрғымыз келеді, қандай қағидалармен өмір сүргіміз келеді – соның бәрі осы құжатта көрініс табады. Біз жаңа қоғам қалыптастырдық, енді соған сай ережелермен өмір сүруіміз керек деп ойлаймын», – деп түйіндеді саясаттанушы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0