03.07.2026, 17:00

2,6 млрд теңге субсидия жымқырған экс-депутат ісі сотқа жетті

Фото: Pixabay

Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Алматы облысы бойынша департаменті аяқтады

Алматы облысында ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп, сотқа жолданды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Алматы облысы бойынша департаменті аяқтады.

Іс бойынша негізгі күдікті – Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты. Тергеу мәліметінше, ол ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесін және мемлекеттік субсидиялау тетіктерін пайдаланып, бюджет қаражатын заңсыз иемденудің жүйелі схемасын ұйымдастырған.

Алаяқтыққа Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығы тартылған. Құжаттарда өнеркәсіптік таңқурай өсіруге арналған элиталық көшеттер сатып алынғаны көрсетілгенімен, іс жүзінде олар жеткізілмеген. Соның салдарынан мемлекеттен 2,6 млрд теңгеден астам субсидия заңсыз алынған.

Тергеу барысында жымқырылған қаражаттың бір бөлігі әртүрлі мақсаттарға жұмсалғаны анықталды. Заңсыз алынған субсидияның 491 млн теңгесі қор нарығындағы операцияларға бағытталған. Осы мақсатта күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, ол арқылы қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары сатып алынған.

Бұдан бөлек, тағы 400 млн теңге уақытша қаржылай көмек көрсету сылтауымен iSolutions Capital микроқаржы ұйымына аударылған. Кейін бұл қаражат күдікті тарапынан кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сондай-ақ күдікті ұрланған қаражаттың 170 млн теңгесін Қонаев қаласындағы казинода құмар ойындарға жұмсағаны белгілі болды.

Сот санкциясымен күдіктілердің төрт пәтеріне, үш автокөлігіне, жеке тұрғын үйіне және бағалы қағаздарына тыйым салынды. Қазіргі уақытта үш күдікті қамауға алынған. Қылмыстық іс сотқа жолданды.