$ 474.47  541.37  6.08

«Комада жатыр»: Алматыдағы Баум тоғайында 19 жастағы бойжеткеннің үстіне ағаш құлады

Әлеуметтік желідегі мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 27 маусым күні сағат 15:00 шамасында болған.

Фото: instagram.com/almaty_typical
Фото: instagram.com/almaty_typical

Алматыдағы Баум тоғайында 19 жастағы бойжеткеннің үстіне ағаш құлап, ауыр жарақат алды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желідегі мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 27 маусым күні сағат 15:00 шамасында болған. Бойжеткен отбасымен бірге серуендеп жүрген кезде үстіне ағаш құлаған. Туыстарының айтуынша, сол сәтте қатты жел де соқпаған, жаңбыр да жаумаған.

Оқиға салдарынан қыз ауыр бассүйек-ми жарақатын алып, сүйектері сынған. Қазіргі уақытта оның комада жатқаны белгілі.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шегуші сол күні өте ауыр жағдайда №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.

«Пациенттің жағдайының ауырлығына байланысты ол бірден анестезиология, реанимация және жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазір оның жағдайы өте ауыр, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті емдеу және диагностикалық шараларды жүргізіп жатыр», – деп хабарлады басқарма.

Ведомство мәліметінше, пациентке бірнеше мәрте қан құйылған. Ол тәулік бойы дәрігерлердің жіті бақылауында.

Алматы әкімдігі оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Баум тоғайында ағаштардың құлау қаупі туралы ескерту белгілері орнатылған. Биыл тоғайдағы 2 мың қауіпті, қураған және ауру ағашты санитарлық кесуге рұқсат берілген. Қазіргі уақытта олардың шамамен мыңға жуығы алынып тасталған. Қалған ағаштарды кесу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Сондай-ақ әкімдік Баум тоғайының 1877 жылы құрылғанын, ағаштардың 70 пайыздан астамы табиғи қартаю кезеңіне жеткенін атап өтті. Соның салдарынан сырт көзге сау көрінетін ағаштардың өзі күтпеген жерден құлау қаупін тудыруы мүмкін екенін ескертті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0