Сонымен қатар соттың шешімімен салынған айыппұлдар мен азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін әкімшілік құқық бұзушылықтар рақымшылыққа жатпайды.
Сенат жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған әкімшілік рақымшылық туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатқа президент қол қойып, заң ресми күшіне енсе, екі мыңнан астам қазақстандық пен жеке кәсіпкерлер әкімшілік айыппұл төлеуден босатылады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әкімшілік рақымшылық Қазақстан азаматтарына, жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттар мен заң консультанттарына қатысты қолданылады. Ал заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, қандастар, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар бұл тізімге кірмейді.
Сонымен қатар соттың шешімімен салынған айыппұлдар мен азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін әкімшілік құқық бұзушылықтар рақымшылыққа жатпайды.
Рақымшылық салық заңнамасын бұзуға байланысты кейбір құқық бұзушылықтарды да қамтымайды. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 275-бабы (салық салу объектілерін жасыру), 277-бабы (салық төлеуден жалтару) және 278-бабы (салық міндеттемелерінің мөлшерін төмендету) бойынша жауапкершілік сақталады. Қаржы министрлігінің мәліметінше, мұндай заң бұзушылықтар мемлекет экономикасына елеулі залал келтіреді.
Бұдан бөлек, микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты "таза парақ" қағидаты енгізіледі. Соған сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін салық берешегі толық өтелсе, өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады.
“9 сәуірдегі жағдай бойынша бұл тетікті 19 мың шағын және микробизнес субъектісі пайдаланған. Олар 13 миллиард теңге көлеміндегі негізгі салық берешегін өтегеннен кейін 4,4 миллиард теңге өсімпұл және 4,9 миллиард теңге айыппұл есептен шығарылған”, – деп мәлімдеді Қаржы министрлігі.
Ведомствоның алдын ала есебіне сәйкес, жаңа әкімшілік рақымшылық шамамен 2 370 адамға қатысты болып, жалпы көлемі 298,4 миллион теңге айыппұлды қамтиды. Оның ішінде 448 жеке тұлға 72,7 миллион теңге, ал 1 930 жеке кәсіпкер 225,6 миллион теңге көлеміндегі айыппұлдан босатылады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, нақты мәліметтер заң қабылданып, ресми түрде күшіне енгеннен кейін жарияланады.