Құю-механикалық зауытында өндірісті технологиялық жаңғыртудың келешегі қарастырылды.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жұмыс сапары барысында Құю-механикалық зауытта және Тәжірибелік гидрометаллургиялық зауытта болды. Жұмыс сапары аясында кәсіпорындарды одан әрі дамыту, өндірісті жаңғырту, жұмыстың тиімділігін арттыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін күшейту мәселелері назарға алынды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Құю-механикалық зауытында өндірісті технологиялық жаңғыртудың келешегі қарастырылды. Компания басшылығына 3D-баспа технологиясын қолдана отырып, газдандырылатын үлгілер бойынша құюдың заманауи технологиясын енгізу жобасы таныстырылды. Құны шамамен 3,2 млн АҚШ долларын құрайтын жобаны іске асыру өнім өндіру дәлдігін арттыруға, бөлшектерді механикалық өңдеу көлемін қысқартуға және кәсіпорынның өнімділігін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Басқарма төрағасының тапсырмасы бойынша жобаның тиімділігі мен өзін-өзі ақтау мерзімін бағалауды қамтитын кешенді экономикалық талдау жүргізіледі.
Кәсіпорынның өз өндірісін дамыту және импортты алмастыру мәселелеріне де ерекше мән берілді. Қазіргі таңда Корпорация құю және машина жасау өнімдерінің бір бөлігін сыртқы жеткізушілерден сатып алуда. Құю-механикалық зауытының өз өнім түрлерін кеңейтуге және өндірістік қуаттың жүктемесін арттыруға әлеуеті жеткілікті. Дегенмен сұранысқа ие өнімдерді жоғары сапамен және белгіленген жеткізу мерзімдерін сақтай отырып шығару негізгі басымдық болып қала беруде.
Кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында зауыт басшылығына материалдарға деген қажеттілікті жоспарлау жүйесін жетілдіру тапсырылды. Ал компанияның бейінді құрылымдық бөлімшелеріне қысқы кезеңде өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті шикізат қорын қалыптастыру жүктелді.
Тәжірибелік гидрометаллургиялық зауытта кәсіпорынды одан әрі дамытудың келешек бағыттары талқыланды. Қазіргі уақытта қолданыстағы өндірістік инфрақұрылым негізінде техногендік шикізатты қайта өңдеу, ілеспе түрде мыс өндіру және қосымша өнім шығару жөніндегі жаңа тұжырымдама пысықталуда. Зертханалық зерттеу аяқталғаннан кейін кәсіпорын ауқымды сынақ кезеңіне өтіп, өнеркәсіптікк регламентті әзірлеуге кіріседі.
Жұмыс сапары барысында өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. Кәсіпорын басшыларына өндірістік тәуекелді азайту, өндірістік бақылау жүйесін жетілдіру және барлық учаскелерде қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру тапсырылды.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе, Руслан Өскенәлі Құю-механикалық және Тәжірибелік гидрометаллургиялық зауыттары «Қазақмыс» өндірістік кешенінің маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Компания аталған кәсіпорындарды дамытуды технологиялық тәуелсіздікті нығайтудың, өндіріс тиімділігін арттырудың және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтудің негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырады.