29.06.2026, 16:00

Маңғыстауда екі жас жігіт теңізге батып көз жұмды

Фото: Lada.kz

Қайғылы оқиға 26 маусым күні кешкі сағат 20:40 шамасында болған.

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында орналасқан «Көгілдір шығанақ» аумағында екі жас жігіт Каспий теңізіне батып көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жергілікті мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға 26 маусым күні кешкі сағат 20:40 шамасында болған. Аталған демалыс орны Ақтау қаласынан шамамен 64 шақырым қашықтықта орналасқан.

Облыстық полицияның хабарлауынша, құтқарушылар теңізден 2001 жылы туған екі азаматтың мәйітін алып шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша, олар суға түсуге тыйым салынған жерде шомылып, суға кеткен.

Оқиғаға байланысты тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен демалушыларды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Мамандар тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген жағажайларда ғана суға түсуді, сондай-ақ теңізде толқын күшейген кезде суға кірмеуді ескертті.