$ 485.4  550.69  6.41

Алматылық әйел сұлулық жолында соқыр болып қала жаздады

Операциядан соң науқаста глаукома мен мөлдір қабықтың бұлдырлануы дамып, көру қабілеті күрт нашарлаған.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. Алматы қаласының тұрғыны көзінің түсін өзгерту мақсатында шетелде операция жасатқаннан кейін ауыр асқынуларға тап болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.  

Операциядан соң науқаста глаукома мен мөлдір қабықтың бұлдырлануы дамып, көру қабілеті күрт нашарлаған.

Салдарынан бір көзі мүлдем көрмей қалған, ал екінші көзі тек жарықты ғана ажыратқан. Кейін оған I топтағы мүгедектік белгіленген. Науқас Қазақстандағы және шетелдегі бірнеше клиникаға жүгінгенімен, мамандар көру қабілетін қалпына келтіруге тәуекел етпеген.

Күрделі жағдайды Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының офтальмологы Гүлзат Әбдірайымова өз мойнына алған. Дәрігерлердің айтуынша, науқаста көзішілік қысым өте жоғары болып, операция кезінде асқыну қаупі жоғары болған.

"Гүлзат Әбдірайымованың күрделі операцияларды жасайтынын естіген соң, дәл осы дәрігерге жүгінуді жөн көрдім. Маған қайтадан жарық дүниені көруге мүмкіндік берген кәсіби біліктілігі үшін дәрігерлерімізге зор алғысымды білдіремін", – деді пациент.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған күрделі операция барысында антиглаукомалық ем жүргізіліп, мөлдір қабық трансплантацияланған. Нәтижесінде көзішілік қысым төмендеп, көру функциясы ішінара қалпына келген. Қазіргі уақытта науқас дәрігерлердің бақылауында және оңалту курсынан өтуде.

Мамандардың айтуынша, мөлдір қабықты трансплантаттау офтальмологиядағы ең күрделі операциялардың бірі. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында мұндай жоғары технологиялық ем донорлық бағдарлама аясында жүргізіледі. Жыл басынан бері 12 трансплантация жасалған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0