Ақмола облысына қарасты Макинск қаласында жетімдер үйінің түлегі Анатолий Вездецкий зарыға күткен баспанасына 13 жыл дегенде әрең қол жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алайда бүгінде ол қылмыстық істің айыпталушысы болып кетуден қатты қорқады. Бұған үйдің «апатты» деп танылған балконы себеп - ол тұрғындардың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіріп тұр. Оның үстіне, бір жылдан астам уақыт бойы ер адам «барлық жағдайы жасалған» деп берілген пәтеріне суды сырттағы құдықтан (колонкадан) тасуға мәжбүр. Жағдайдың егжей-тегжейін Әсел Тұрар анықтап көрді. Вездецкий жұбайымен бірге үш бала тәрбиелеп отыр. Ол «жетім бала» санаты бойынша баспана кезегінде 13 жыл тұрған. Көп күтуден шаршаған соң, кезінде қазақ тілін жетік білуімен жұртшылықты тәнті еткен оның полицей ағасы журналистерден көмек сұраған. Көп ұзамай Геннадий де, Анатолий де Макинск қаласынан пәтер алды. Ол кезде жергілікті билік мұны шудың әсері емес, жай ғына ағайындылардың кезегі келгендігімен түсіндірді. Ағайындылар дауласқан жоқ, тек өз шаңырақтарына қол жеткізгендеріне қуанды. Геннадийге бір бөлмелі, ал отбасылы Анатолийге екі бөлмелі пәтер бұйырды.