Әңгімелесу барысында тарихи тамырластыққа айрықша назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Сенатының Маршалын қабылдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Республикасы Сенатының Маршалы Малгожата Кидава-Блоньскамен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту және қос елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланысты кеңейту мәселелері талқыланды.
– Әлемдегі экономикасы ірі елдердің жиырмалығына енетін Польшамен ықпалдастықты ілгерілетуге ерекше мән береміз. Мемлекеттеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бері шынайы достық байланыстар қалыптасты. Парламентаралық диалог жоспарлы әрі табысты түрде дамып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Әңгімелесу барысында тарихи тамырластыққа айрықша назар аударылды. Президент көрнекті поляк этнографы Адольф Янушкевичтің қазақ тарихын, тұрмысы мен мәдениетін зерттеуге зор үлес қосқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдалана отырып, Польша Президенті Кароль Навроцкийге және Премьер-министр Дональд Тускке ыстық ықыласын жолдады.