19.06.2026, 17:10

Жезқазғандық дәрігерлерге құрмет көрсетілді: «Қазақмыс» медицина саласын дамытуға қаржы көлемін арттырды

Фото: Қазақмыс

Бүгінде Жезқазған медициналық орталығы Орталық Қазақстандағы ең ірі медициналық мекемелердің бірі саналады.

 

Жезқазғанда Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ең маңызды әрі сұранысқа ие мамандықтардың бірі саналатын медицина саласының өкілдерін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Мұқан Үңгітбаев, Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Нысамбаев және «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов құттықтады. Ұжымды құттықтаған Мұқан Үңгітбаев көпсалалы медициналық көмекті өнеркәсіптік медицинамен ұштастырып, еліміздегі ең ірі өндірістік кәсіпорындардың бірінде еңбек ететін жұмыскерлердің медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған Жезқазған медициналық орталығының айрықша рөлін атап өтті

«Медициналық орталықтың соңғы жылдардағы жетістігі шынайы құрметке лайық. Әрбір жаңа бағыттың ашылуында, енгізілген технологияның және аман алып қалған әрбір адам өмірінің артында сіздердің білімдеріңіз, жауапкершіліктеріңіз және адамдарға көмектесуге деген адал ниеттеріңіз тұр», – деп атап өтті Мұқан Үңгітбаев.

Бүгінде Жезқазған медициналық орталығы Орталық Қазақстандағы ең ірі медициналық мекемелердің бірі саналады. Мұнда шамамен 1200 қызметкер еңбек етеді, оның ішінде 900-ге жуығы – медицина маманы. Жыл сайын стационарлық емдеуден 13 мыңға жуық пациент өтеді, ал емхана қызметі өңірдің 43 мыңнан астам тұрғынына медициналық көмек көрсетеді. Салтанатты шарада үздік қызметкерлер ведомстволық және корпоративтік наградалармен марапатталды. Сондай-ақ медицина саласының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, естелік сыйлық табысталды. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту «Қазақмыс» Тобының әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. 2026 жылы Жезқазған медициналық орталығына шамамен 1,3 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар кардиохирургия қызметін дамытуға, заманауи медициналық жабдық сатып алуға және өндірістік нысандардағы медициналық пункттерді жабдықтауға 500 млн теңгеге жуық инвестиция бағытталмақ. Компанияда атап өткендей, медицина қызметкерлерін қолдау, заманауи медициналық инфрақұрылымды дамыту және медициналық көмектің сапасын арттыру Қазақмыстың өзіне қатысы бар өңірлерде жүргізіп отырған әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді.