18.06.2026, 16:20

Павлодар облысында 34 млн теңгеге жөнделген көпір суға батып кетті (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада ауыл тұрғындары жергілікті биліктің әрекетсіздігіне шағымданған.

Павлодар облысындағы Ақсу ауылдық аймағына қарасты Көктас ауылы маңындағы понтонды көпір тағы да су астында қалды. Өткен жылы ғана жөндеуден өткен өткелдің қазіргі жағдайы жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл көпір – мал жайылымы мен шөп шабатын алқаптарға апаратын жалғыз жол. Қазір қысқа қамданатын науқан басталғанымен, өткелдің жарамсыз күйге түсуі шаруалардың жұмысын тұралатып қойған. Сонымен қатар көпірді жоғары вольтты электр желілеріне қызмет көрсететін мамандар да тұрақты пайдаланып келген.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада ауыл тұрғындары жергілікті биліктің әрекетсіздігіне шағымданған.

– Өткен жылы ғана жөнделген жалғыз көпіріміз тағы да су астында қалды. Әкімдікке бірнеше рет жүгіндік, бірақ ешқандай шара қабылданған жоқ. Қыстан қалай шығатынымызды білмейміз. Әкімнің жұмысына көңіліміз толмайды, – дейді ауыл тұрғыны.

Белая өзені арқылы өтетін понтонды көпір 2006 жылы орнатылған. Оны маңайдағы төрт ауылдың тұрғындары мал жайып, шөп дайындау үшін пайдаланады.

Ақсу қаласының әкімдігі аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, анықталған ақауларға байланысты ауылдық округ әкімдігі мердігер ұйымды кепілдік міндеттемелерін орындауға мәжбүрлеу үшін сотқа жүгінген. Нәтижесінде тараптар медиативтік келісімге келіп, «СтройЭталон» ЖШС көпірді қалпына келтіру жұмыстарын биылғы 25 шілдеге дейін аяқтауға міндеттелген.

Әкімдік жөндеу жұмыстары бюджет қаражаты есебінен емес, мердігер компанияның кепілдік міндеттемелері аясында жүргізілетінін мәлімдеді. Алайда шілденің соңына дейін созылатын жөндеу жұмыстары ауыл тұрғындарының пішен науқанына айтарлықтай кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан тұрғындар көпірдің уақтылы әрі сапалы жөнделуін талап етіп отыр.