Сондай-ақ кәсіпкер қазіргі уақытта зардап шеккен жігіттің отбасымен тұрақты байланыста екенін айтып, жағдайды жеке бақылауында ұстап отырғанын мәлімдеді.
Қызылордадағы ойын-сауық паркінде жұмыс істейтін 19 жастағы жігіттің америкалық роликті төбешіктің рельсіне қысылып қалып, екі аяғынан айырылуы қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды. Осы оқиғаға байланысты «Арай» паркінің директоры Бердібек Мыханов «24KZ» тілшісіне мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, «Арай» паркі жеке меншікке тиесілі. Зардап шеккен азамат аталған аттракционда екі жылдан бері жұмыс істеген. Алдын ала мәлімет бойынша, америкалық роликті төбешікте отырған кішкентай баланың жылағанын көрген қызметкер оған көмектесу үшін қауіпсіздік аймағынан өткен. Алайда ол аттракционды басқаратын пультті өшірмеген. Салдарынан техникалық қауіпсіздік талаптары бұзылып, қайғылы жағдай орын алған.
Сондай-ақ кәсіпкер қазіргі уақытта зардап шеккен жігіттің отбасымен тұрақты байланыста екенін айтып, жағдайды жеке бақылауында ұстап отырғанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, отбасыға қажетті барлық қолдау мен көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, туындаған мәселелерді шешу үшін тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, қайғылы оқиға 14 маусым күні сағат 23:00 шамасында Қызылорда қаласындағы «Арай» ойын-сауық паркінде болған. Америкалық роликті төбешікте жұмыс істеген 19 жастағы қызметкер ауыр жарақат алып, екі аяғынан айырылған. Қазір оның жағдайы ауыр деп бағалануда. Дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр.
Оқиғаның барлық мән-жайын құқық қорғау органдары анықтауда. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.