11.06.2026, 14:30

«Қазақмыс» нысандары маңындағы қылмыстық схемаларға қарсы ауқымды күрес жалғасуда

Фото: Polisia.kz

Ең резонансты істердің бірі – тергеу мәліметінше, жергілікті қылмыстық орта өкілдерінің бақылауында болған топтың әрекеті.

Соңғы жылдары «Қазақмыс» корпорациясының нысандарына қатысты ұрлық, ұйымдасқан қылмыстық топтардың ықтимал қатысы, кәсіпорын қызметкерлері, күзет құрылымдары мен жергілікті қылмыстық орта өкілдерінің байланысы жөніндегі бірнеше іс қоғам назарын аударды. Соның соңғысы – Ішкі істер министрлігінің мамыр айында жанар-жағармай ұрлығы мен ірі көлемдегі шығын келтірген қылмыстардың әшкереленгені туралы мәлімдемесі, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

ІІМ бірнеше қылмыстық топтың жолы кесілгенін мәлімдеді

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ұлытау облысында өткен жылдан бері «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС аумағынан мүлік ұрлаумен айналысқан бірнеше қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылған. Ведомство келтірілген шығынның 94,5 пайызы өтелгенін хабарлады.

Ең резонансты істердің бірі – тергеу мәліметінше, жергілікті қылмыстық орта өкілдерінің бақылауында болған топтың әрекеті. Құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, олар құрамында бағалы металдар көп болатын кен қорытпаларын ұрлау схемасын ұйымдастырған. Аталған топ мүшелері сот үкімімен жазаланды.

Жаңа схема – жанар-жағармай ұрлығы

2026 жылдың басынан бері полиция кәсіпорынға ірі көлемде залал келтірген төрт ұрлық дерегін ашқан. Соның бірі 7 мамыр күні Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп жүргізілген арнайы операция барысында анықталды.

Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілер кәсіпорын аумағынан жанар-жағармай материалдарын ұрлап, кейін оны сатумен айналысқан. Жедел іс-шаралар кезінде бір тоннадан астам жанар-жағармай, ірі көлемдегі ақша қаражаты, автокөліктер, қару-жарақ пен оқ-дәрілер және басқа да заттай айғақтар тәркіленді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жанар-жағармай арнайы техниканы жалған түрде жанармай құю арқылы және құжаттарды қолдан жасау жолымен ұрланған. Сондай-ақ күзет құрылымдарының жекелеген қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттерге жәрдем көрсету факілері анықталған.

2024 жылғы металл ұрлығы және ұсталғандар

Бұл «Қазақмыс» төңірегіндегі алғашқы жағдай емес. 2024 жылдың шілде айында ІІМ мен ҰҚК Қарағанды облысы прокуратурасының үйлестіруімен өнеркәсіптік кәсіпорындардан, оның ішінде «Қазақмыстан» металл мен түрлі тауарларды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың ұсталғанын хабарлаған болатын.

Сол кезде полиция бөлімшесіне 20-дан астам адам жеткізіліп, күдіктілер қатарында қылмыстық орта өкілдерімен бірге кәсіпорын қызметкерлері, басшылар және қауіпсіздік қызметінің өкілдері болғаны айтылды.

Ал 2024 жылдың қазанында құқық қорғау органдары құрамында бағалы металдар бар қорытпаларды ұрлау схемасының жолы кесілгенін хабарлады. Тергеу мәліметтері бойынша, топ құрамында кәсіпорын қызметкерлері де болған. Олар құны 6,5 миллион теңгеден асатын өнімді алып шығу кезінде қолға түскен.

«Жомарт» кенішіндегі оқиға

Бұған дейін, 2023 жылдың наурыз айында әлеуметтік желілерде «Жомарт» кенішінде ұйымдасқан қылмыстық топ болуы мүмкін деген ақпарат кең тараған еді. Бұған екі ер адамның үшінші бір азаматты соққыға жыққан видеосы себеп болды.

Полиция оқиғаның Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» компаниясына қарасты кеніш аумағында болғанын мәлімдеп, екі күдіктінің ұсталғанын хабарлаған. Аталған дерек бұзақылық бабы бойынша тіркелген.

Жекелеген ұрлық емес, жүйелі мәселе

Аталған оқиғалардың барлығы бір ғана кездейсоқ ұрлық емес, ірі тау-кен металлургия компаниясының өндірістік нысандарына қатысты жүргізілген бірқатар тергеулердің бар екенін көрсетеді.

Құқық қорғау органдары металл, бағалы металл құрамды кен қорытпалары, жанар-жағармай ұрлығы, құжаттарды қолдан жасау және кәсіпорын ішіндегі адамдардың ықтимал көмегі туралы айтып отыр.

Ендігі негізгі мәселе – мұндай заңсыз схемалардың өндірістік және күзет инфрақұрылымына қаншалықты терең енгенін анықтау. Өйткені істерде сыртқы тұлғалармен қатар кәсіпорын қызметкерлері, басшылар, қауіпсіздік қызметі мен күзет құрылымдарының өкілдері де аталып отыр.

Бұл жекелеген ұрлық мәселесінен әлдеқайда ауқымды мәселе. Ол ішкі бақылау жүйесіне, комплаенс талаптарына және стратегиялық өндірістердің экономикалық қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарды көтереді.

Ішкі бақылауға қатысты сұрақтар

«Қазақмыс» компаниясы өзінің ресми сайтында адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарына негізделген корпоративтік мәдениетті ұстанатынын мәлімдейді. Сондай-ақ қызметкерлерге алаяқтық, экономикалық құқық бұзушылықтар, сыбайлас жемқорлық және басқа да заңсыз әрекеттер туралы хабарлау мүмкіндігі қарастырылған.

Алайда соңғы қылмыстық істер өндірістік процестерге, құжат айналымына, күзет пен логистика жүйесіне қылмыстық схемалардың ене алғанын көрсетіп отыр. Бұл жағдайда ішкі рәсімдердің өзі жеткіліксіз болуы мүмкін.

Тергеу жалғасып жатыр

Қазіргі уақытта ІІМ соңғы эпизодтар бойынша қаржы-шаруашылық құжаттарын зерттеуді жалғастырып, келтірілген шығынның нақты көлемін анықтауда. Алдын ала мәлімет бойынша, шығын көлемі аса ірі мөлшерде болуы мүмкін.

Осылайша, «Қазақмыс» төңірегінде көлеңкелі және қылмыстық схемаларды анықтау мен жою бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Ұлытау өңірі үшін бұл мәселе тек корпоративтік қауіпсіздікке ғана емес, өнеркәсіп саласының тұрақтылығына, жұмысшылардың сеніміне және елдің стратегиялық активтерін қорғауға да тікелей қатысты.