Астанадағы адам өліміне әкелген жол апаты: жүргізуші 5 жылға сотталды
Іс материалдарына сәйкес, Toyota көлігінің жүргізушісі Түркістан көшесі жағынан келе жатып, көлікті басқара алмай қалған. Салдарынан қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Lada және Skoda автокөліктерімен соқтығысқан. Апат салдарынан көліктердің біріндегі екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды.
Сот жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын анықтады. Ол көлік қозғалысы қарқынды учаскеде жылдамдықты төмендетпеген, жол жағдайын ескермеген және көлікті бақылаудан шығарып алған. Соның салдарынан қарсы жолаққа шығып кетіп, қайғылы жол апатына себеп болған.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірген. Сондай-ақ қаза тапқандардың отбасыларына келтірілген шығынды өтеген. Іс материалдарында жәбірленушілердің туыстары оны кешіргені көрсетілген.
Мемлекеттік айыптаушы соттан жүргізушіні 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот бұл талапты қанағаттандырып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар ол 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.