02.06.2026, 14:25

«Кімге ақша төлеп отырмыз?»: жүргізушілер Павлодар – Астана жолындағы жағдайға наразы (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Кейбір азаматтар ақау толық жойылғанға дейін аталған учаскеде жол ақысын уақытша алып тастауды ұсынды.

Павлодар – Астана бағытындағы ақылы автожолда төтенше жағдай тіркелді. Әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджерінде тараған ақпаратқа сәйкес, Спутник ауылынан кейінгі учаскеде бетон жол жабыны көтеріліп, бірнеше автокөлікке зақым келген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Оқиға куәгерлері жариялаған фото және видеоларда жолдың бір бөлігі деформацияға ұшырағаны байқалады. Жүргізушілердің айтуынша, мұндай кедергі жоғары жылдамдықпен келе жатқан көліктер үшін аса қауіпті.

Желі қолданушылары ақылы жолдың жағдайын сынға алып, жауапты мекемелерден түсініктеме талап етуде.

«Бұл жол ақылы ғой. Неліктен жолдың жағдайын дер кезінде бақыламайды? Біз кімге ақша төлеп отырмыз?»; «Жол салу технологиясы бұзылған болуы мүмкін немесе жер асты суларының әсері ескерілмеген»; «Бұл автобанмен әрдайым сақтықпен жүруге тура келеді», – деп жазды қазақстандықтар.

Кейбір азаматтар ақау толық жойылғанға дейін аталған учаскеде жол ақысын уақытша алып тастауды ұсынды.

Әзірге оқиғаға қатысты жауапты органдар мен жол қызметтерінен ресми түсініктеме жарияланған жоқ. Жүргізушілерге аталған бағытта қозғалыс кезінде барынша мұқият болып, жылдамдық режимін сақтауға кеңес беріледі.