02.06.2026, 14:40

«Төбелесте адам өлген»: Қытайда қазақстандық жігіт қамауға алынды

Фото: stan.kz

Қытайда қазақстандық Махмұтхан Шерназаровтың қатысуымен болған төбелес адам өлімімен аяқталды. Қазір отандасымыз қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желіде Махмұтхан Шерназаровтың жақындары оған қолдау көрсетіп, оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі әділ қарастыруды сұрады. Олардың айтуынша, жанжал кезінде бірнеше адам қазақстандыққа шабуыл жасаған. Төбелес барысында Махмұтхан өзін қорғау үшін қарсы әрекет жасап, соның салдарынан Қытай азаматы көз жұмған.

«Біз бұл қайғылы оқиғаның болғанын жоққа шығармаймыз. Алайда оның қалай өрбігенін нақты түсіну маңызды. Оқиғаға қатысты бейнежазба бар. Онда Қазақстан азаматына бірнеше адамның шабуыл жасағаны көрінеді. Ол өзін қорғау мақсатында соққы жасаған. Соның салдарынан бір адам қайтыс болды. Осы жағдайды әділ қарап, Қазақстан азаматының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз», – дейді жақындары.

Олардың сөзінше, болған жағдайды алдын ала жоспарланған шабуыл немесе қасақана зорлық-зомбылық ретінде бағалауға болмайды.

«Ол агрессор болған жоқ. Қауіпті жағдайға тап болып, өз өмірін қорғауға мәжбүр болды», – делінген әлеуметтік желіде жарияланған жазбада.

Жақындарының айтуынша, Махмұтхан Қытайға жұмыс істеу және отбасын асырау үшін барған.

«Қазақ қызының намысын қорғаудан басталған оқиға қайғылы жағдаймен аяқталды. Нақты не болғанын өзіміз де толық білмейміз. Қазір адвокат жалдауға, сондай-ақ марқұмның отбасымен келіссөз жүргізуге қомақты қаражат қажет. Істің әділ қаралуы үшін қоғамнан қолдау сұраймыз», – дейді оның туыстары.