$ 485.95  565.74  6.83

Бүгін - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

1930-жылдары Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді.

Фото: Александр Павский / Kazinform
Фото: Александр Павский / Kazinform

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл – тоталитарлық жүйенің кесірінен жазықсыз жапа шеккен миллиондаған адамды еске алып, тағзым ететін күн. Жыл сайын осы датада тарихтың қасіретті беттері қайта зерделеніп, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары жалғасып келеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тарихшылар Қазақстандағы жаппай репрессияның басталуын 1928 жылмен байланыстырады. Оған 1925 жылы өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып Филипп Голощекиннің тағайындалуы әсер етті. Ол «Кіші Қазан» саясатын жүргізіп, халықтың әлеуметтік жағдайын әлсіретіп, ұлттық зиялы қауымды қудалауға кірісті.

Соның салдарынан 1930-жылдары Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Қудаланғандардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ақын-жазушылар болды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин секілді көптеген тұлға сол кезеңнің құрбанына айналды.

Алайда бұл нәубет тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл Кеңес Одағы халықтарына ортақ қасірет болды. 1930-1953 жылдары 40 миллионнан астам кеңес азаматы репрессияға ұшыраған. Мыңдаған адам Қазақстан аумағындағы арнайы лагерлерге жіберілді. Олардың қатарында АЛЖИР, КарЛаг, Степной, Песчаный және өзге де лагерьлер бар. Жалпы алғанда, бұл лагерлерге 5 миллионнан астам адам жер аударылған.

Сол кезеңде Қазақстанға көптеген этнос өкілдері күштеп қоныс аударылды. Еділ немістері, Қырым татарлары, шешендер, ингуштар, кәрістер және басқа да халықтар тарихи отандарынан жер аударылып, қазақ жеріне әкелінді. Соғыс жылдарында бұл үдеріс күшейіп, миллионнан астам адам туған жерінен айырылды.

Кейін сталиндік жүйе әлсіреген тұста жазықсыз сотталған азаматтарды ақтау жұмыстары басталды. Иосиф Сталин қайтыс болғаннан кейін Никита Хрущев саяси қуғын-сүргін құрбандарын қайта қарау процесін қолға алды. Осылайша, көптеген арыстың есімі ақталып, тарихи әділдік орнай бастады.

Тәуелсіздік жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тапты. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Соның негізінде 2020 жылға дейін 340 мың адам ақталды. Ал 1997 жылы 31 мамыр ресми түрде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітілді.

2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия 2020-2023 жылдары жұмыс істеп, 311 мыңнан астам адамның ақталуына ықпал етті. Осылайша, Тәуелсіздік кезеңінде ақталған азаматтардың жалпы саны 650 мыңнан асты.

Комиссия жұмысына жүздеген ғалым мен сарапшы қатысып, ел аумағындағы ондаған архив зерттелді. Нәтижесінде 2,6 миллионнан астам құжаттың құпиялығы алынып тасталды. Сондай-ақ қуғын-сүргін тарихына арналған 72 томдық жинақ жарық көріп, арнайы бірыңғай деректер қоры жасақталды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам. Өткеннің қасіретін ұмытпау, тоталитарлық жүйенің зардабын кейінгі ұрпақтың санасында сақтау – баршаның ортақ міндеті.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0